13 апреля 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТІ ӘЛЕМ КУБОГЫНЫҢ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

Қазақстандық кикбоксшы Ернұр Қайырбеков халықаралық аренада ең мықты спортшылардың бірі ретінде өз орнын сенімді түрде бекітіп келеді. Ол спортпен жеті жасынан бастап айналысып, үлкен жолдан өтті. Бүгінде ол — халықаралық дәрежедегі спорт шебері және көптеген беделді атақтардың иегері.

Оның қоржынында — Әлем кубогындағы үш жеңіс, Азия чемпионы, әлем чемпионы және Қазақстан чемпионы атақтары бар. Бұл жетістіктердің әрқайсысы спортшының жоғары деңгейін және үздіксіз даму жолындағы табандылығын дәлелдейді.

Кезекті ірі жеңісін Ернұр Бангкокта өткен кикбоксингтен Әлем кубогында жеңіп алды. Ол аталмыш университет атынан шығып, «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасының үшінші курс студенті ретінде тамаша нәтиже көрсетті.

67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Ернұр төрт жекпе-жек өткізді. Барлық кездесулерде сенімді жеңіске жетіп, жоғары техникасын ғана емес, сонымен қатар қайсарлығын, төзімділігін және тактикалық шеберлігін көрсетті.

Бұл жеңіс — оның жоғары деңгейі мен тыңғылықты дайындығының тағы бір дәлелі. Алда спортшыны жаңа сын күтіп тұр: Вьетнамда өтетін Азия чемпионаты. Қазіргі уақытта Ернур алдағы жарысқа белсенді түрде дайындалып, жаңа белестерді бағындыруды мақсат етіп отыр.

Ернұр Қайырбековтың жетістіктері — тек университеттің ғана емес, бүкіл қазақстандық спорттың мақтанышы. Оның жолы жас спортшыларға шабыт беріп, еңбек пен табандылықтың әлемдік деңгейдегі жеңістерге жеткізетінін көрсетеді.