2 маусым 2026


«ЖАСЫЛ ТОЛҚЫН» ҮЙІРМЕСІНІҢ СТУДЕНТТЕРІ KIDS FEST МЕРЕКЕСІНДЕ ВОЛОНТЕРЛІК ҚЫЗМЕТ АТҚАРДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ІТ және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебіне қарасты Экология және география кафедрасының «Жасыл толқын» ғылыми-экологиялық үйірмесінің студенттері Өскемен қаласында өткен Kids Fest мерекелік іс-шарасына волонтер ретінде белсенді қатысты.

Аталған шараны Mosso мен Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы ұйымдастырды. Мерекелік бағдарлама аясында үйірме мүшелері ұйымдастырушыларға қолдау көрсетіп, балаларға арналған түрлі ойындар мен танымдық іс-шараларды өткізуге атсалысты.

Іс-шара барысында балалар қызықты квест тапсырмаларын орындап, жинаған бонустарын тәтті мақта мен попкорнға айырбастау мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар қатысушылар үшін би билеу, ән айту, бояулармен сурет салу, гүл отырғызу және білімдерін шыңдауға бағытталған танымдық квиз ойындары ұйымдастырылды.

Волонтер студенттер балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мерекенің жоғары деңгейде өтуіне өз үлестерін қосты. Олардың белсенділігі мен жауапкершілігі іс-шараның мазмұнды әрі қызықты өтуіне ықпал етті.

Мұндай қоғамдық шаралар жастардың әлеуметтік белсенділігін арттырып, еріктілік мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ азаматтық жауапкершілікті дамытуға зор мүмкіндік береді. «Жасыл толқын» ғылыми-экологиялық үйірмесінің мүшелері алдағы уақытта да қоғам игілігіне бағытталған бастамаларға белсенді қатысып, экологиялық және әлеуметтік жобаларды қолдауды жалғастыра бермек.