22 қыркүйек 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY ҒАЛЫМДАРЫ МАЛАЙЗИЯ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ АДЪЮНКТ-ПРОФЕССОРЛАРЫ БОЛЫП ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ғалымдары Досан Байгереев пен Мұратхан Мадияров Малайзиядағы Сұлтан Идрис педагогикалық университетінің (Universiti Pendidikan Sultan Idris, UPSI) адъюнкт-профессорлары болып тағайындалды.

Тиісті шешімді UPSI Сенаты қабылдады. Жаңа мәртебеге сәйкес, Amanzholov University өкілдері Жаратылыстану ғылымдары және математика факультетінің құрамына енді. Тағайындау мерзімі екі жылға — 2026 жылдың сәуірінен 2028 жылға дейін белгіленген.

Amanzholov University мен Сұлтан Идрис педагогикалық университеті арасындағы әріптестік байланыс үш жылдан астам уақыт бойы дамып келеді. Осы уақыт ішінде университет оқытушылары мен зерттеушілері Малайзияға барып, дәріс сабақтарын өткізіп, бірлескен ғылыми бастамаларға қатысты. Ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі — математика саласындағы зерттеулер.

Екіжақты байланыстың маңызды бағыттарының бірі — академиялық ұтқырлық. Биыл Amanzholov University студенттері Жасмина Болат, «География» білім беру бағдарламасының студенті және Мадина Тоқтарова, «География-тарих» білім беру бағдарламасының студенті Сұлтан Идрис педагогикалық университетінде білім алып жатыр.

2025 жылы Amanzholov University делегациясы Малайзиядағы серіктес университетке барды. Сапар қорытындысындағы маңызды нәтижелердің бірі — Universiti Pendidikan Sultan Idris университетімен бірлесіп құрылған AI Amanzholov жасанды интеллект жөніндегі халықаралық орталығының ашылуы болды. Орталық жасанды интеллект саласындағы білім беру және ғылыми-зерттеу бастамаларын біріктіреді.

Досан Байгереев пен Мұратхан Мадияровтың адъюнкт-профессор болып тағайындалуы екі университет арасындағы академиялық байланысты дамытудың жаңа кезеңіне жол ашты. Бұл бірлескен зерттеулер жүргізуге, ғылыми жарияланымдар әзірлеуге, кәсіби тәжірибе алмасуға және білім беру жобаларын жүзеге асыруға қосымша мүмкіндіктер береді.

Шетелдік серіктестермен ынтымақтастықтың кеңеюі Amanzholov University-дің халықаралық ғылыми-білім беру кеңістігіндегі байланыстарын нығайтып, оқытушылар, зерттеушілер мен студенттер үшін жаңа академиялық мүмкіндіктерге жол ашады.