24 қыркүйек 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY ӨЗ БАСТАМАЛАРЫН CDIO ASIAN REGIONAL MEETING 2026 КЕЗДЕСУІНДЕ ТАНЫСТЫРДЫ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті инженерлік білім беруді дамытуға және жаңа буын инженерлерін даярлауға арналған халықаралық кездесу – CDIO Asian Regional Meeting 2026 шарасына қатысты. Іс-шара 23–26 қыркүйек аралығында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен өтіп жатыр және Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылуда.
Өңірлік кездесуге 15 елден 50-ден астам университет, білім беру ұйымдары, сарапшылар қауымдастығы және индустрия өкілдері қатысуда. Талқылаудың негізгі бағыттары – академиялық орта, өнеркәсіп және жасанды интеллект арасындағы өзара іс-қимыл, жобалық оқытуды дамыту, практикаға бағдарланған даярлық және инженерлік білім беруге заманауи цифрлық құралдарды енгізу.
Кәсіби бағдарлама аясында «Қазақстандағы инженерлік білім берудің болашағы: жаңа буын инженерлері үшін академиялық орта, индустрия және жасанды интеллект» тақырыбында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Басқарма төрағасы – ректор Гүлжан Жарасова баяндама жасады.
Өз сөзінде ректор инженерлік білім беруді дамытуға қатысты, іргелі даярлықты, жобалық қызметті, индустриямен өзара іс-қимылды және жасанды интеллектті саналы түрде қолдануды ұштастыруға негізделген тәсілді таныстырды. Сондай-ақ өңір экономикасы мен ғылыми-технологиялық әлеуетін дамытуға байланысты міндеттерді шешудегі өңірлік университеттердің рөліне ерекше назар аударылды.
«Университет іргелі зерттеулер мен цифрлық құзыреттерді жергілікті экономиканың міндеттерімен ұштастыра алады. Ол үшін пәнаралық командалар, қолжетімді зерттеу инфрақұрылымы және кәсіпорындармен тұрақты диалог қажет», – деді Гүлжан Жарасова.
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде жасанды интеллектті практикалық қолдануды көрсететін жобалар қазірдің өзінде жүзеге асырылуда. Цифрлық технологиялар және модельдеу зертханасында үлкен деректер, спутниктік суреттер және жасанды интеллект әдістерін пайдалана отырып, су тасқыны қаупі мен топырақ ылғалдылығын болжау мүмкіндіктері зерттелуде.
Жеке бағытты студенттердің әзірлемелері құрайды. «Ақпараттық жүйелер» білім беру бағдарламасының студенттері YOLOv8 терең оқыту моделі негізінде өкпе ауруларын автоматты түрде ерте диагностикалауға арналған жоба әзірледі.
Мамандарды практикаға бағдарланған даярлау университеттің өңірдің жетекші кәсіпорындарымен және ғылыми ұйымдарымен ынтымақтастығымен де байланысты. Білім беру бағдарламаларын әзірлеу және жаңарту кезінде университет Қазцинк, Өскемен металлургиялық зауыты, KazMinerals, Ұлттық ядролық орталық, ВНИИцветмет және басқа да серіктестермен өзара іс-қимыл жасайды.
CDIO Asian Regional Meeting 2026 инженерлік білім беруді трансформациялау және заманауи өнеркәсіпке қажетті құзыреттерді қалыптастыру мәселелері бойынша кәсіби диалогты жалғастыруда. Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің халықаралық кездесуге қатысуы инженерлік даярлық, ғылыми зерттеулер және цифрлық технологияларды қолдану саласындағы тәжірибесін таныстыруға, сондай-ақ шетелдік университеттер мен индустрия өкілдерімен кәсіби байланысты кеңейтуге мүмкіндік береді.








