24 қыркүйек 2026


«ТАЗА КАМПУС»: СТУДЕНТ-ЭКОЛОГТАР ЭКОЛОГИЯЛЫҚ РЕЙДКЕ ШЫҚТЫ

«Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасы аясында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Экология» білім беру бағдарламасының 2-курс студенттері бүгін «Таза кампус» экологиялық рейдін өткізді.

Іс-шараның мақсаты – студенттердің экологиялық мәдениетін қалыптастыру, экологиялық мониторинг жүргізудің практикалық дағдыларын дамыту және университет аумағының тазалығы мен абаттандырылуына назар аудару.

Экологиялық рейд кезінде студенттер №4 оқу ғимаратының аумағы мен оған іргелес учаскелерді бақылап, аумақтың санитарлық жағдайына, тұрмыстық қалдықтардың болуына, қоқыс жәшіктері мен контейнерлердің жағдайына назар аударды. Сондай-ақ көгалдар, ағаштар мен бұталардың жай-күйі, жаяу жүргіншілер жолдары, демалыс орындары және қосымша көгалдандыру мүмкіндіктері қарастырылды.

Студенттер қалдықтарды жинау жүйесін жетілдіру және қоқысты бөлек жинау мүмкіндіктерін де талқылады.

Рейд кезінде болашақ экологтар теориялық білімдерін тәжірибеде қолданып, аумаққа визуалды бақылау жүргізді. Нәтижесінде университет кеңістігінің экологиялық және санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған негізгі жұмыстарды айқындады.

Студенттер тазалықты сақтау, жасыл желекке ұқыпты қарау және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың маңызын атап өтті.

Мұндай іс-шаралар болашақ экологтардың кәсіби дағдыларын жетілдіріп, экологиялық мәселелерді анықтау және оларды шешудің тиімді жолдарын іздеуге мүмкіндік береді.

Таза кампус – әрқайсымыздан басталады!

Тазалық пен экологиялық жауапкершілік – жайлы әрі қолайлы университет ортасының негізі.