24 қыркүйек 2026


«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН – ӨЗІМНЕН БАСТАЛАДЫ»: ЭКОЛОГ СТУДЕНТТЕРМЕН КУРАТОРЛЫҚ САҒАТ ӨТТІ

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасын жүзеге асыру аясында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Экология» білім беру бағдарламасының 1-курс студенттерімен «Таза Қазақстан – өзімнен басталады» тақырыбында кураторлық сағат өтті.

Іс-шараның мақсаты – студенттердің экологиялық мәдениетін қалыптастыру, экологиялық сауаттылығын арттыру және қоршаған ортаны қорғауға деген жеке жауапкершілігін нығайту.

Кураторлық сағат кезінде студенттер «Таза Қазақстан» бастамасының негізгі мақсаттары мен міндеттерімен танысып, табиғатқа ұқыпты қараудың, қоршаған орта тазалығын сақтаудың және экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызын талқылады.

Сондай-ақ жастардың экологиялық бастамаларды жүзеге асырудағы рөліне, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға, қалдықтарды азайтуға және тұрақты даму қағидаттарын ұстануға ерекше мән берілді.

Тақырып аясында «Экология» білім беру бағдарламасының 1-курс студенттері Сидоров Руслан, Максутов Диас, Кормина Дарья, Ахметова Альбина, Головина Кристина және Хайбуллин Рамиль өз баяндамаларын ұсынды. Студенттер экологиялық мәдениет, қоршаған ортаға деген жеке жауапкершілік, университетте, қалада және табиғи экожүйелерде тазалықты сақтаудың маңызы туралы ой бөлісті.

Кездесу кезінде «Таза Қазақстан» бастамасының нәтижелі жүзеге асуы әр адамның күнделікті әрекетінен басталатыны атап өтілді. Қарапайым әдеттер – тазалық сақтау, су мен электр энергиясын үнемдеу, қалдықтарды азайту және экологиялық акцияларға белсенді қатысу – қоршаған ортаны қорғауға қосылған маңызды үлес.

Болашақ экологтар үшін мұндай кездесулердің маңызы зор. Өйткені олардың болашақ кәсіби қызметі қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен тікелей байланысты.

«Таза Қазақстан – өзімнен басталады» – табиғатты қорғау мен туған өлкенің тазалығын сақтауға әр адамның қосатын үлесін айқындайтын ұстаным.