28 қыркүйек 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ AI & DIGITAL BRIDGE ЦИФРЛАНДЫРУ АПТАЛЫҒЫ БАСТАЛДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде AI & Digital Bridge цифрландыру апталығы басталды. Іс-шараны Жасанды интеллект және цифрландыру департаменті Жасанды интеллект және ақпараттық технологиялар кафедрасымен бірлесіп ұйымдастырды.

Цифрландыру апталығының негізгі мақсаты – студенттер арасында жасанды интеллект технологияларын кеңінен насихаттау, университетте жүзеге асырылып жатқан заманауи AI-жобалармен таныстыру, цифрлық құралдарды практикалық тұрғыда қолдану дағдыларын дамыту, сондай-ақ бірінші курс студенттерінің университеттің цифрлық білім беру ортасына бейімделуіне ықпал ету.

Іс-шараға қатысушылар алдында Басқарма мүшесі – цифрландыру және экономикалық мәселелер жөніндегі проректор Ерхат Биғалиұлы Мұқажанов құттықтау сөз сөйледі.

Ақпараттық бөлім аясында Жасанды интеллект және цифрландыру департаментінің және университеттің бейінді бөлімшелерінің өкілдері өз қызметтерінің негізгі бағыттары мен жүзеге асырылып жатқан цифрлық бастамаларды таныстырды.

Бағдарламашы-инженер Малика Асқарқызы жасанды интеллект орталығының қызметі, оның негізгі жұмыс бағыттары, сондай-ақ AI-Sana жобасын іске асыру нәтижелері туралы айтып берді.

Бағдарламашы-инженер Әділет Амангелдин Жасанды интеллект және цифрландыру департаментінің қызметімен, оның негізгі бағыттары және цифрлық бастамаларымен таныстырды.

Филология ғылымдарының кандидаты Бақытжан Бекенқызы Келгенбаева білім беру бағытын, атап айтқанда, халықаралық Coursera білім беру платформасында оқуға арналған әзірленген курсты таныстырды.

Жасанды интеллект және цифрландыру департаментінің цифрлық офицері Перизат Анафия цифрлық және білім беру мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған AI-Ustaz және C2U жобалары туралы баяндады.

Цифрландыру апталығының ашылу бағдарламасында жасанды интеллект және цифрлық технологиялар саласындағы студенттік жобалардың таныстырылымына ерекше орын берілді.

«Робототехника және жасанды интеллект» білім беру бағдарламасының 2-курс студенті Алексей Хорев пайдаланушыларды қолдауға және буллингтің алдын алуға бағытталған Antibullying чат-ботын таныстырды.

«Ақпараттық жүйелер» білім беру бағдарламасының 4-курс студенті Арай Ерғали цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті медицина саласында қолдану мүмкіндіктерін көрсететін өкпе ауруларын диагностикалауға арналған жобасын таныстырды.

«Математика және информатика» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттері Ернұр Маратов пен Мәди Марат «Бірінші курс студенттеріне арналған цифрлық ментор» жобасын ұсынды. Әзірлеме жаңа студенттердің университет ортасына бейімделуіне және қажетті ақпаратты цифрлық құралдар арқылы алуына көмектесуге бағытталған.

«Физика және информатика» білім беру бағдарламасының 4-курс студенті Назерке Маутбеков физиканы оқуға және білім беру контентінің қолжетімділігін арттыруға арналған Nuvion мобильді қосымшасын таныстырды.

Тағы бір таныстырылған жоба – «Физика және информатика» білім беру бағдарламасының 4-курс студенті Нұрхат Беймахан әзірлеген Sapar Group жобасы. Жоба цифрлық технологияларды пайдалана отырып, Қазақстан бойынша туристік сапарларды жоспарлауға арналған.

AI & Digital Bridge цифрландыру апталығының ашылуы студенттерге университеттің цифрлық бастамаларымен, сондай-ақ студенттер мен қызметкерлер әзірлеген практикалық жобалармен танысуға мүмкіндік берді. Апталық бағдарлама жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және оларды білім беру мен кәсіби қызметте қолдануға арналған тақырыптық іс-шаралармен жалғасады.