28 қыркүйек 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY СЕГЕД УНИВЕРСИТЕТІМЕН ҒЫЛЫМИ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТУДА

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі бекіткен AP26199899 «Шығыс Қазақстанның әдеби және лингвистикалық туризмін өңірлік интеграциялау: топонимдер этимологиясы және жергілікті аңыздарды цифрландыру» нысаналы бағдарламалық жобасын іске асыру аясында Венгриядағы Сегед университетінің алтаистика кафедрасында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Айжан Маратбекқызы Картаева және сениор-лектор Жазира Қуатбекқызы Қайырбаева ғылыми тағылымдамадан өтті.

Ғылыми тағылымдаманың негізгі мақсаты – Сегед университетінің алтаистика, түркітану, тіл білімі және әдебиеттану салаларындағы ғылыми мектебінің тәжірибесін зерделеу, сондай-ақ топонимиялық материалдарды жинау, жіктеу және этимологиялық талдаудың заманауи әдістерін меңгеру болды. Ерекше назар алтаистика кафедрасының ғалымдарымен ғылыми ынтымақтастық орнату мәселелеріне, бірлескен зерттеу бастамаларын дамытуға, ғылыми мақалалар мен жарияланымдар дайындауға, сондай-ақ Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті мен Сегед университеті арасындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға аударылды.

Сегед университетінің алтаистика кафедрасының ғылыми қорлары мен арнайы әдебиеттерімен жұмыс істеу барысында Шығыс Қазақстанның бірқатар географиялық атауларының түркі және алтай тілдеріндегі шығу тегін нақтылауға мүмкіндік беретін қосымша дереккөздер мен салыстырмалы материалдар анықталды. Алынған материалдар жүргізіліп жатқан зерттеудің дереккөздік базасын кеңейтіп, өңір топонимдеріне одан әрі этимологиялық талдау жүргізу кезінде пайдаланылуы мүмкін.

Тағылымдаманың маңызды нәтижелерінің бірі – топонимиялық аңыздардың дерекқорларын қалыптастыру және жүргізу бойынша халықаралық тәжірибені зерделеу болды. Алынған материалдар негізінде жобаның цифрлық платформасын құруға арналған ықтимал құрылымдық және технологиялық шешімдер, оның ішінде деректерді сақтау форматтары мен оларды жіктеу жүйесі қарастырылды.

Ғылыми тағылымдама барысында алынған мәліметтер мен әдістемелік тәжірибе AP26199899 жобасы бойынша ғылыми есепті дайындау кезінде, сондай-ақ Шығыс Қазақстанның топонимиясы, этимологиясы, әдеби және лингвистикалық туризміне арналған ғылыми жарияланымдар мен зерттеу жұмыстарында пайдаланылатын болады.

Ғылыми тағылымдама Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті мен Сегед университеті арасындағы халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды кезеңге айналып, алтаистика, түркітану, тіл білімі және әдебиеттану салаларындағы ғылыми байланыстарды кеңейтуге және тәжірибе алмасуға ықпал етті.