29 қыркүйек 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ӨКІЛДЕРІ ҚОЗЫБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ТӘЖІРИБЕ АЛМАСТЫ

2026 жылғы 28–29 қыркүйек күндері Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің делегациясы Петропавл қаласындағы Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне жұмыс сапарымен барып, білім беру үдерісін ұйымдастыру, заманауи оқыту әдістерін қолдану және цифрлық технологияларды енгізу бағыттары бойынша тәжірибе алмасты.

Делегация құрамында Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Нұрлана Бұржанқызы Алимбекова, Педагогикалық білім және менеджмент кафедрасының меңгерушісі Наталья Николаевна Радченко, Жасанды интеллект және цифрландыру департаментінің жетекші инженер-бағдарламашысы Бекарыс Серікұлы Серғалиев болды.

Сапар бағдарламасында Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің Аризона университетімен бірлескен тәжірибесі, оқыту үдерісін ұйымдастыру тәсілдері және цифрлық білім беру платформаларын пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің өкілдері үшін халықаралық тәжірибені оқу үдерісіне енгізудің практикалық тетіктері мен студенттердің білім алуын сүйемелдеу бағыттары айрықша қызығушылық тудырды.

Тәжірибе алмасу аясында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің қызметкерлері «Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-дың инклюзивті білім беру ортасы: тәжірибе, мүмкіндіктер, перспективалар» тақырыбында семинар өткізді.

Семинар барысында университеттің инклюзивті білім беруді дамыту бағытындағы тәжірибесі, педагог кадрларды даярлау ерекшеліктері және ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушыларға қолайлы жағдай қалыптастыру тетіктері таныстырылды.

Жұмыс сапары университеттер арасындағы кәсіби байланысты нығайтып, академиялық даму, инклюзивті білім беру және білім беруді цифрландыру салаларындағы тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Сапар барысында алынған тәжірибе білім беру үдерісін жетілдіруге және бірлескен бастамаларды дамытуға негіз болады.