29 қыркүйек 2026


АМАНЖОЛОВ УНИВЕРСИТЕТІ: ТУРИЗМНІҢ ЖАҢА БАҒЫТТАРЫН ЖАСАЙТЫН ЖАСТАР

Дүниежүзілік туризм күні қарсаңында Өскемен қаласы әкімдігінің Спорт және туризм бөлімі Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Туризм» білім беру бағдарламасында білім алатын 1 және 3 курс студенттеріне арналған практикалық бағыттағы көшпелі іс-шара ұйымдастырды.

Іс-шара Ново-Троицкое ауылындағы форель шаруашылығында өтті. Студенттерге Экономика, менеджмент және қаржы кафедрасының аға оқытушысы, Бизнес және құқық жоғары мектебі деканының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Айгүл Асубаева және «Dana bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығының жетекшісі Алима Алипова жетекшілік етті.

Көшпелі сабақ барысында болашақ туризм мамандары туристік қызметті ұйымдастырудың практикалық негіздерімен танысты. Студенттер шатыр тігу, туризм тарихы, аумақтың ерекшеліктері, экологиялық, ауылдық және рекреациялық туризм бағыттары бойынша практикалық тапсырмалар орындады.

Іс-шараның маңызды бағыттарының бірі — инклюзивті туризм. Студенттер туристік маршруттар мен инфрақұрылымды мүгедектігі бар адамдар мен ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға бейімдеу мүмкіндіктерін қарастырды.

Табиғат аясындағы балық аулау, қоршаған ортамен танысу және практикалық тапсырмалар студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруына мүмкіндік берді. Сонымен қатар олар туған өлкенің көрікті жерлері туралы аңыздар әзірлеп, жарнамалық идеялар мен жаңа туристік маршруттардың тұжырымдамаларын ұсынды.

Студенттер таныс аумақтың туристік әлеуетін жаңа қырынан бағалап, туристік маршрут әзірлеу мен туристік өнім қалыптастырудың негізгі кезеңдерін тәжірибе жүзінде меңгерді.

Заманауи туризм — тек саяхат емес. Бұл — өңірдің табиғи және мәдени ерекшеліктерін танып, жаңа бағыттар қалыптастыру, сапалы туристік өнім әзірлеу және оны әр адамға қолжетімді ету.

Осындай практикалық сабақтар болашақ мамандардың кәсіби дағдыларын жетілдіріп қана қоймай, туған өлкенің туристік әлеуетін жаңа көзқараспен танып-білуіне жол ашады.

Студенттерге теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік бергені үшін Өскемен қаласы әкімдігінің Спорт және туризм бөліміне алғыс білдіреміз.