28 қыркүйек 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ АУБАКИРОВА РОЗА АБЛАКИМҚЫЗЫНЫҢ 70 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ АТАЛЫП ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде химия ғылымдарының кандидаты, химия профессоры, ЖАК қауымдастырылған профессоры Аубакирова Роза Аблакимқызының 70 жылдық мерейтойы аталып өтті.

Ғылым мен білім саласына саналы ғұмырын арнаған Роза Аблакимқызының кәсіби жолы – ізденіс пен еңбектің, ұстаздыққа деген адалдық пен шәкірт тәрбиесіне деген жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Ол университетте ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, білім алушыларға сапалы білім беруге және жас мамандардың кәсіби қалыптасуына елеулі үлес қосып келеді.

Мерейтой иесін Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Басқарма төрағасы – ректор Гүлжан Сағидоллақызы Жарасова арнайы құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

Мерекелік шарада университеттің профессор-оқытушылар құрамы, жоғары мектеп декандары, әріптестері мен шәкірттері мерейтой иесіне жүрекжарды лебіздерін жолдап, бейнеқұттықтауларын ұсынды. Ән мен күй орындалып, мерейтой иесіне ерекше көңіл күй сыйланды.

Роза Аблакимқызының ғылым мен білім саласындағы көп жылғы еңбегі, кәсіби тәжірибесі мен ұстаздық өнегесі университет ұжымы үшін айрықша құндылық. Оның шәкірт тәрбиелеудегі еңбегі мен ғылыми ізденістері кейінгі буынға үлгі болып келеді.

Мерейтой иесіне зор денсаулық, отбасылық амандық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық шабыт және толағай табыс тілейміз. Ғылым мен білім жолындағы еңбегі жемісті болып, шәкірттерінің жетістігі мен әріптестерінің құрметі әрдайым қуаныш сыйласын!