30 қыркүйек 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ «МАШИНА ЖАСАУДАҒЫ ТРИБОЛОГИЯ: ҒЫЛЫМНАН ТЕХНОЛОГИЯЛАРҒА ДЕЙІН» ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛІ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Беттік инженерия және трибология» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «Машина жасаудағы трибология: ғылымнан технологияларға дейін» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Ғылыми кездесуге Польшадағы Wrocław University of Science and Technology университетінің ғалымы, PhD Małgorzata Rutkowska-Gorczyca онлайн форматта қатысты. Сонымен қатар Institute of Composite Materials (ICM) және Scientific Center Protective and Functional Coatings (PROFCOAT) өкілдері офлайн форматта қатысып, материалтану, композициялық материалдар және функционалдық жабындар бағытындағы ғылыми тәжірибелерімен бөлісті.

Дөңгелек үстел барысында үйкеліс пен тозу процестері, материалдардың тозуға төзімділігі, беткі қабаттардың трибо-механикалық сипаттамалары, қорғаныш және функционалдық жабындар, сондай-ақ беттерді модификациялау бағыттары талқыланды.

Қатысушылар трибологиялық сипаттамаларды бағалау әдістері, материалдардың эксплуатациялық қасиеттерін арттыру, үйкеліс пен тозу қарқындылығын төмендету және ғылыми нәтижелерді машина жасау технологияларында қолдану мүмкіндіктері бойынша пікір алмасты.

Іс-шара аясында TriboHub ақпараттық платформасының таныстырылымы да өтті. Қатысушыларға трибология салындағы зерттеу әдістемелерін, технологияларды, жабдықтар мен ғылыми ақпараттарды бір ортада жүйелеуге мүмкіндік беретін платформаның негізгі мүмкіндіктері таныстырылды.

Дөңгелек үстелге университет студенттері де белсенді қатысты. «Физика-Информатика» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттері Бимахан Нұрхат пен Біржан Елжан трибология және машина жасау бағыттарындағы баяндамаларын ұсынып, ғылыми пікірталасқа қатысты.

Кездесу барысында мамандар мен студенттер арасында тәжірибе алмасып, трибология, материалтану және беттік инженерия бағыттарындағы зерттеулерді дамытуға қатысты пікірлер ортаға салынды.

Дөңгелек үстел ғылыми нәтижелерді технологиялық шешімдермен ұштастыруға, халықаралық тәжірибемен танысуға және аталған бағыттағы ғылыми байланыстарды нығайтуға мүмкіндік берді.