30 қыркүйек 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ RESEARCH TALK: ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУЛЕРДЕГІ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде жасанды интеллект апталығы жалғасуда. Бүгінгі бағдарлама аясында жасанды интеллект технологияларын ғылыми-зерттеу қызметінде қолдануға арналған «AI-құралдары зерттеу қызметінде: идеядан нәтижеге дейін» атты Research Talk өтті.
Кездесуде спикер ретінде Компьютерлік модельдеу және ақпараттық технологиялар кафедрасының қауымдастырылған профессоры Мархаба Ахметоллиновна Карменова сөз сөйледі.
Кездесу барысында университет магистранттары өздерінің ғылыми-зерттеу жобаларын таныстырды. Баяндамалар жасанды интеллектіні қолданудың әртүрлі бағыттарын қамтыды. Атап айтқанда, қозғалыстарды тану, бағдарламалық кодты талдау, білім беру технологияларын әзірлеу және
«Информатика» білім беру бағдарламасының 2-курс магистранты Саят Күшімбаев «Қол қимылдарын нақты уақытта тану және қазақ тілінде дыбыстау» тақырыбындағы зерттеуін таныстырды. Жоба қол қимылдарын нақты уақыт режимінде тану және оларды қазақ тілінде дыбыстау мәселесіне арналған.
«Ақпараттық жүйелер» білім беру бағдарламасының 2-курс магистранты Анна Брим «Application of artificial intelligence technology in source code analysis» тақырыбында баяндама жасап, бастапқы бағдарламалық кодты талдауда жасанды интеллект технологияларын қолдану мүмкіндіктерін қарастырды.
«Информатика» білім беру бағдарламасының магистранты Айгерім Оралбаева «Жасанды интеллект және геймификация: білім беру ойындарын құрудың жаңа тәсілдері» тақырыбын таныстырды. Зерттеуде білім беру ойындарын әзірлеу кезінде жасанды интеллект технологиялары мен геймификацияны ұштастыру мәселесіне назар аударылды.
«Информатика» білім беру бағдарламасының 2-курс магистранты Олжас Кенжебек «Жалпы білім беру жүйесін цифрландыру контексінде «Жасанды интеллект: терең оқыту» оқу курсын әзірлеудің әдістемелік тәсілдерін зерттеу және жобалау» тақырыбындағы зерттеуін ұсынды. Жұмыс жалпы білім беру жүйесін цифрландыру жағдайында «Жасанды интеллект: терең оқыту» оқу курсын әзірлеудің әдістемелік тәсілдерін зерттеуге және жобалауға арналған.
Research Talk форматы ғылыми идеяларды теориялық тұрғыдан таныстырып қана қоймай, олардың практикалық тұрғыдан қолданылу мүмкіндіктерін көрсетуге мүмкіндік береді. Магистранттар үшін мұндай кездесулер өз зерттеулерін таныстыруға, өзекті ғылыми мәселелерді талқылауға және кәсіби кері байланыс алуға арналған маңызды алаңға айналады.
Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы жағдайында мұндай іс-шаралардың маңызы артып келеді. AI-құралдарын пайдалану ғылыми-зерттеу үдерісінің бір бөлігіне айналып, ақпарат пен деректерді өңдеу, бағдарламалық кодпен жұмыс істеу, білім беру технологияларын әзірлеу және жаңа цифрлық шешімдер жасау бағыттарында қолданылуда. Бұл ретте зерттеушінің құралдарды меңгеруімен қатар, ғылыми мәселені өз бетінше тұжырымдай білуі, оны шешу әдістерін дұрыс таңдауы және алынған нәтижелерді бағалай алуы маңызды.
Research Talk студенттер мен магистранттарға ғылыми-зерттеу жобаларының нақты үлгілерімен танысып, өздерінің ғылыми жұмыстары үшін жаңа бағыттарды айқындауға мүмкіндік береді. Бүгін таныстырылған жобалар жасанды интеллект технологияларының білім беру мен бағдарламалаудан бастап, қазақ тіліне бағытталған және қоғамның заманауи цифрлық қажеттіліктеріне жауап беретін шешімдерге дейінгі әртүрлі салаларда қолданылуы мүмкін екенін көрсетті.
Research Talk өткізілуі Жасанды интеллект апталығы аясындағы кезекті іс-шараға айналды. Апталық бағдарлама білім алушылардың цифрлық құзыреттерін дамытуға, жасанды интеллектінің заманауи мүмкіндіктерімен таныстыруға және өз идеялары мен ғылыми жобаларын таныстырып, одан әрі дамытуға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.


