1 қазан 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ SKILLS ENBEK ПЛАТФОРМАСЫНДА ОНЛАЙН-КУРСТАР ӘЗІРЛЕУ БОЙЫНША ОҚЫТУ СЕМИНАРЫ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Skills Enbek платформасында онлайн-курстарды әзірлеу және енгізу: дағдылар мен оқу нәтижелерін қалыптастыру» тақырыбында оқыту семинары өтті.

Іс-шараны Жасанды интеллект және цифрландыру департаменті «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-мен бірлесіп ұйымдастырды. Семинарға Skills Enbek платформасында өздерінің білім беру курстарын әзірлеп, орналастыруға қызығушылық танытқан университет оқытушылары қатысты.

Семинарда университеттің аталған бағыттағы жұмысының аралық нәтижелері таныстырылды. Бүгінде оқытушылар 13 онлайн-курс әзірледі. Оның 9-ы модерациядан сәтті өтіп, платформада жарияланды, ал тағы 4 курс әзірлену кезеңінде.

Жарияланған курстарға деген сұраныс пайдаланушылардың қызығушылығынан да байқалады. Қазіргі уақытта білім беру бағдарламаларына 1 738 адам тіркеліп, олардың 660-ы оқуын сәтті аяқтап, сертификат алды.

Семинарда онлайн-курстарды әзірлеудің практикалық аспектілеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар дағдылар мен оқу нәтижелерін қалыптастыру, білім беру контентін дайындау, сондай-ақ платформада орналастырылатын материалдарға қойылатын негізгі талаптарды қарастырды.

Бүгінде Skills Enbek платформасында Amanzholov University оқытушылары әзірлеген экология және жасыл химия, тілдік даярлық, инклюзивті білім беру, психология, цифрлық дағдылар және IT сауаттылығы бағыттарындағы курстар ұсынылған.

Мұндай семинарларды өткізу профессор-оқытушылар құрамының цифрлық құзыреттерін дамытуға, білім беру контентінің сапасын арттыруға және университеттің цифрлық білім беру саласындағы мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.