2 қазан 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ СЕГІЗ АЙЛЫҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҚАЙТА ДАЯРЛАУ КУРСТАРЫ БАСТАЛДЫ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Кәсіптік даярлау және біліктілікті арттыру ресурстық орталығында сегіз айлық педагогикалық қайта даярлау курстарының ашылуы өтті.
Іс-шараға Басқарма төрағасының орынбасары – стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Ирина Владимировна Ровнякова, Ресурстық орталық директоры Бақытгүл Құдышевна Исебаева, сондай-ақ педагогикалық қайта даярлау бағдарламасын іске асыруға жауапты оқытушылар мен мамандар қатысты.
Оқу үдерісі тыңдаушылардың бастапқы білім деңгейін, дағдылары мен кәсіби құзыреттерін анықтауға бағытталған психологиялық-педагогикалық тестілеуден басталды. Диагностика нәтижелері оқытушыларға қатысушылардың бастапқы даярлық деңгейін бағалап, алдағы оқу үдерісін соған сәйкес ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Тестілеу қорытындысы бойынша тыңдаушылар педагогикалық даярлықтың түрлі бағыттарын қамтитын 16 білім беру бағдарламасы бойынша оқуға кіріседі:
6В01515 «Химия» (IP), 6B01514 «Информатика» (IP), 6В01518 «Физика» (IP), 6В01517 «География» (IP), 6В01601 «Тарих», 6В01706 «Ағылшын тілі» (IP), 6B01902 «Арнайы педагогика» (IP), 6В01702 «Орыс тілі мен әдебиеті», 6В01302 «Бастауыш білім беру» (IP), 6B01406 «Дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық», 6B01102 «Психология» (IP), 6B01202 «Мектепке дейінгі білім беру» (IP), 6В01701 «Қазақ тілі мен әдебиеті», 6B01513 «Математика» (IP), 6В01402 «Кәсіптік оқыту, көркем еңбек және графика», 6В01407 «Музыкалық білім беру» (IP).
Сегіз айға жоспарланған курс тыңдаушыларға кәсіби білімдерін жүйелеуге, психологиялық-педагогикалық оқыту негіздерін меңгеруге және заманауи білім беру ортасында тиімді жұмыс істеуге қажетті құзыреттерін дамытуға мүмкіндік береді.
Педагогикалық қайта даярлау бағдарламасының ашылуы Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің үздіксіз кәсіби дамуға жағдай жасауға және білікті педагог кадрларды даярлауға бағытталған жұмыстарын көрсетеді.
Оқу барысында алынған білім мен қалыптасқан дағдылар тыңдаушылардың кәсіби өсуіне және білім беру саласында өз мүмкіндіктерін тиімді жүзеге асыруына негіз болады.






