2 қазан 2026


ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУЛЕР ЖӘНЕ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР: AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ДОКТОРЛЫҚ ДИССЕРТАЦИЯЛАРДЫ ДАЙЫНДАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Басқарма төрағасы – ректор Гүлжан Жарасованың университет докторанттарымен кездесуі өтті.

Биыл университет докторанттарының қатары 36 адаммен толықты. Олар докторантура бағдарламалары бойынша оқуын және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалғастыруда.

Кездесу кезінде докторлық диссертацияларды орындау, зерттеу жұмыстарының қазіргі дайындық деңгейі және диссертациялық зерттеулерді белгіленген мерзімде қорғауға дайындау мәселелері қарастырылды.

Кездесудің негізгі мақсаты – докторанттардың атқарған жұмысына аралық қорытынды жасау, туындаған мәселелерді анықтау және оларды уақтылы шешуге бағытталған нақты шараларды белгілеу.

Қатысушылар докторанттардың жеке жұмыс жоспарларының орындалуын, ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін және жарияланымдық белсенділігін талқылады. Сонымен қатар диссертацияларды алдын ала қарау және қорғауға ұсыну рәсімдеріне ерекше назар аударылды.

Ғылыми консультанттар мен кафедра меңгерушілері диссертациялық зерттеулердің қазіргі жай-күйі, жұмыстардың қорғауға дайындығы және ғылыми жұмыстың қорытынды кезеңінде туындайтын мәселелер туралы ақпарат берді.

Басқарма төрағасы – ректор Гүлжан Жарасова докторлық диссертацияларды сапалы әрі уақтылы аяқтаудың маңыздылығын атап өтіп, белгіленген талаптарға сәйкес зерттеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу қажеттігіне назар аударды.

Кездесу қорытындысы бойынша әр докторантқа диссертациялық зерттеулерді аяқтау және жұмыстарды қорғауға дайындау бойынша алдағы міндеттер айқындалып, тиісті тапсырмалар берілді.

Университет басшылығы бұдан әрі де докторанттарға қажетті ұйымдастырушылық және әдістемелік қолдау көрсетіп, сапалы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге және диссертацияларды қорғауға нәтижелі дайындалуға жағдай жасайтын болады.