5 қазан 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY ӨКІЛІ «AI & DIGITAL BRIDGE 2026» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ IT-ФОРУМЫНА ҚАТЫСТЫ
Астанада әлемнің түкпір-түкпірінен жетекші технологиялық компаниялардың, мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының және сарапшылар қауымдастығының өкілдерін біріктірген «AI & Digital Bridge 2026» халықаралық IT-форумы өтіп жатыр. Ауқымды шараға Amanzholov University цифрлық офицері Перизат Анафия қатысты.
Форум жасанды интеллект, цифрлық технологиялар мен инновациялық шешімдерді дамытудың перспективаларын талқылайтын маңызды халықаралық алаңдардың біріне айналды. Биылғы іс-шараға әлемнің 100-ден астам елінен 20 мыңнан астам қатысушы жиналды. Қатысушылар мен спикерлер қатарында NVIDIA және Higgsfield секілді ірі халықаралық технологиялық компаниялардың өкілдері, сондай-ақ IT, білім беру және цифрлық трансформация саласындағы сарапшылар бар.
Форумның негізгі бағыттарының бірі – цифрлық инфрақұрылымды дамыту және жасанды интеллект технологияларын жоғары білім беру саласына енгізу болды. Қатысушылар университеттерді цифрлық трансформациялаудың заманауи тәсілдерін, AI құзыреттерін дамытуды, жаңа буын мамандарын даярлауды және технологиялық нарықтың қарқынды өзгерістеріне сай келетін білім беру ортасын қалыптастыру мәселелерін талқылады.
Форум аясында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «AI Sana» ұлттық бағдарламасын іске асырудың негізгі нәтижелерін таныстырды. Отандық жоғары оқу орындарында цифрлық экожүйе қалыптастыруға, студенттер мен оқытушылардың жасанды интеллект саласындағы сауаттылығын арттыруға, сондай-ақ елдің технологиялық дамуының негізгі факторларының бірі ретінде адами капиталды дамытуға ерекше назар аударылды.
Іскерлік бағдарламаның маңызды бөлігі білім беруде жасанды интеллектіні қолданудың халықаралық тәжірибесін талқылауға арналды. Үш күн бойы қатысушылар жаңа цифрлық өнімдер мен технологиялық шешімдермен танысып, ынтымақтастық перспективаларын талқылады және практикалық кейстермен алмасты. Форум аясында EdTech, IT-инновациялар және цифрлық технологиялар салаларында 60-тан астам халықаралық келісімге қол қойылды.
«AI & Digital Bridge 2026» форумына қатысу Amanzholov University өкіліне жасанды интеллект және білім беруді цифрландыру саласындағы әлемдік өзекті үрдістермен танысуға мүмкіндік берді. Перизат Анафия халықаралық сарапшылармен және IT-индустрия өкілдерімен кәсіби кездесулер өткізіп, тәжірибе алмасты және жасанды интеллект негізіндегі өнімдерді білім беру үдерісіне ықпалдастырудың заманауи шешімдерін зерделеді.
Бүгінде жасанды интеллект тек технологиялық құрал ғана емес, заманауи білім беру ортасының маңызды құрамдас бөлігіне айналып келеді. Осыған байланысты Amanzholov University цифрлық құзыреттерді дамыту, инновациялық шешімдерді енгізу және білім беру мен ғылыми қызметте жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдалануға жағдай жасау бағытындағы жұмыстарын жалғастыруда.





