10 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY МЕН ШҚО ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде құқық қорғау органдарының өкілдері, оқытушылар мен студенттердің басын қосқан «Ішкі істер органдарындағы қызмет» атты мансап күні өтті. Кездесу барысында ішкі істер органдарына жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, жас мамандарға қойылатын талаптар және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы кәсіби даму перспективалары талқыланды.

Кездесудің маңызды оқиғасы Amanzholov University мен Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі болды. Құжатқа университеттің стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Ирина Владимировна Ровнякова мен ШҚО Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Ерлан Болатович Омарбеков қол қойды.

Келісім білікті мамандар даярлау, кәсіби практика мен тағылымдамаларды ұйымдастыру, сондай-ақ бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру бағытындағы өзара іс-қимылға жаңа мүмкіндіктер ашады. Әсіресе цифрлық қауіпсіздік саласындағы бастамаларды дамытуға басымдық беріледі. Атап айтқанда, студенттерді интернет-алаяқтықтың, кибербуллингтің және цифрлық ортадағы өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарына тарту жоспарланып отыр.

Ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – болашақ мамандардың практикалық даярлығын жетілдіру. Тағылымдамалар, тәлімгерлік және полиция қызметкерлерімен кездесулер студенттерге қызметтің ерекшеліктерімен жақынырақ танысуға, алған білімдерін тәжірибеде қолдануға және қажетті кәсіби құзыреттерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар тараптар криминология, психология, жасанды интеллект және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағыттарында бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізу перспективаларын белгіледі. Университеттің ғылыми әлеуеті мен құқық қорғау органдарының практикалық тәжірибесін ұштастыру қоғамдық қауіпсіздікке қатысты өзекті мәселелерді зерттеудің жаңа тәсілдерін әзірлеуге негіз болады.

Кездесуде университет түлектерінің құқық қорғау жүйесінде сұранысқа ие екені атап өтілді. Тек 2026 жылдың өзінде Amanzholov University-ді тәмамдаған 20-дан астам жас маман ішкі істер органдарының қатарына қосылған. Олардың қатарында заң бағытындағы түлектермен бірге криминалистика, журналистика және алғашқы әскери дайындық салаларының мамандары да бар. Бұл қазіргі құқық қорғау жүйесінде пәнаралық құзыреттер мен кәсіби білімнің кең ауқымы маңызды екенін көрсетеді.

Полиция қызметінің практикалық қырлары студенттерге «Мамандық қырлары» атты көрме аясында таныстырылды. Полиция департаментінің қызметкерлері түрлі бөлімшелердің жұмысында қолданылатын арнайы қару-жарақ үлгілерін, қызметтік жабдықтарды, киім-кешек пен техникалық құралдарды көрсетті. Қатысушылар олардың мақсаты, қолданылу ерекшеліктері және құқық қорғау қызметінің өзіндік қырлары туралы ақпарат алды.

ШҚО Полиция департаменті Кадр саясаты басқармасының бастығы, полиция полковнигі Марат Бексолтанович Баяндинов ішкі істер органдарына қызметке қабылдау тәртібі, үміткерлерге қойылатын талаптар, кәсіби даярлық кезеңдері және мансаптық өсу мүмкіндіктері туралы баяндады. Студенттер қызметтің ерекшеліктерін тікелей сала маманынан біліп, өздерін қызықтырған сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды.

Мансап күні университет пен құқық қорғау органдары арасындағы ашық диалог алаңына айналып, студенттерге ішкі істер жүйесіндегі нақты кәсіби мүмкіндіктер мен қызметтік өсу перспективаларымен танысуға жол ашты. Ал меморандумға қол қойылуы тараптар арасындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтеріп, қоғамдық және цифрлық қауіпсіздік саласындағы заманауи сын-қатерлерге жауап бере алатын білікті мамандар даярлау бағытындағы бірлескен жұмыстың негізін қалайды.