11 қараша 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY ЖАС ҒАЛЫМЫ ТҮРКИЯДА ҒЫЛЫМИ ТӘЖІРИБЕ АЛМАСТЫ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің жас ғалымы Анас Бақдәулет Мұхитдинұлы Түркия Республикасының Сакарья қаласында ғылыми іссапарда болып, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту және нанотехнологияны оқыту бағытындағы зерттеулерді жетілдіру бойынша тәжірибе алмасты.
Ғылыми іссапар AP25796559 «STEM технологияларды қолдану арқылы нанотехнологияны оқытуда болашақ және қазіргі физика мұғалімдерінің құзыреттілігін арттырудың ғылыми-педагогикалық тәжірибесін дамыту» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Сапардың негізгі мақсаты – Қазақстан мен Түркияның ғылыми-білім беру тәжірибесін салыстыру, нанотехнологияны STEM тәсілдері арқылы оқыту әдістемесін жетілдіру және халықаралық ғылыми байланыстарды нығайту.
Іссапар барысында Анас Бақдәулет Мұхитдинұлы Сакарья университетінің физика кафедрасының профессоры, жоба бойынша профессор-зерттеуші Али Чорухпен кездесті. Кездесуде жоба аясында атқарылған жұмыстардың нәтижелері талқыланып, екі елдегі нанотехнологияны STEM тәсілдері негізінде оқыту тәжірибелері салыстырылды. Сонымен қатар зерттеу нәтижелерін жүйелеу және ғылыми жарияланымға ұсыну мәселелері қарастырылды.
Ғылыми ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – бірлескен жарияланым әзірлеу. Осыған байланысты ғалымдар ортақ ғылыми мақаланың тақырыбын, мақсаты мен құрылымын, зерттеу әдістерін және негізгі мазмұндық бағыттарын нақтылап, алдағы жұмыс жоспарын белгіледі.
Сапар аясында Сакарья университетінің Зерттеулер мен әзірлемелерді қолдану және зерттеу орталығының зертханалық кешендерімен де танысу мүмкіндігі болды. Зертханаларда наноматериалдарды алу, дайындау және олардың қасиеттерін сипаттау кезінде қолданылатын заманауи ғылыми әдістер мен жабдықтардың жұмыс істеу қағидаттары зерделенді.
Сондай-ақ жасанды интеллект технологияларын ғылыми зерттеулерде пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, микроскопиялық кескіндерді өңдеу, эксперименттік деректерді талдау және материалдардың қасиеттерін болжау бағыттарындағы мүмкіндіктер қарастырылды.
Халықаралық іссапардың білім беру бағыты да мазмұнды болды. Анас Бақдәулет Мұхитдинұлы Сакарья қаласының білім басқармасындағы STEM бағытының үйлестірушісімен, Сакарья және Адапазары ғылым және өнер орталықтарының басшылары, педагогтері мен білім алушыларымен кездесулер өткізді.
Кездесулер барысында дарынды оқушылардың ғылыми-зерттеу және жобалық жұмыстарын ұйымдастыру, STEM білім беруді дамыту, білім алушылардың практикалық және зерттеушілік дағдыларын қалыптастыру, сондай-ақ заманауи технологияларды оқу үдерісіне енгізу мәселелері талқыланды. Түркияның білім беру ұйымдарының тәжірибесімен танысу отандық білім беру жүйесінде қолдануға болатын тиімді әдістерді зерделеуге мүмкіндік берді.
Іссапар қорытындысында екі елдің ғылыми және білім беру ұйымдары арасында кәсіби байланыстар орнатылып, алдағы ынтымақтастықтың нақты бағыттары айқындалды. Атап айтқанда, оқу-әдістемелік материалдармен алмасу, онлайн семинарларға қатысу және бірлескен ғылыми-білім беру іс-шараларын ұйымдастыру мүмкіндіктері қарастырылды.
Сакарья қаласында жинақталған халықаралық тәжірибе AP25796559 жобасының зерттеу нәтижелерін жетілдіруге, болашақ физика мұғалімдеріне арналған оқу-әдістемелік материалдарды әзірлеуге және үшөлшемді көрнекі модельдерді дамытуға пайдаланылатын болады.
AMANZHOLOV UNIVERSITY жас ғалымдарының халықаралық ғылыми жобаларға қатысуы, шетелдік жоғары оқу орындарымен байланыс орнатуы және озық зерттеу тәжірибелерін меңгеруі университеттің ғылыми әлеуетін арттырып, білім мен ғылым интеграциясын нығайтуға ықпал етеді.





