11 қараша 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY ҒАЛЫМДАРЫ АЛМАТЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ УНИВЕРСИТЕТТЕРІНДЕ ҒЫЛЫМИ ЖОБА НӘТИЖЕЛЕРІН ТАНЫСТЫРДЫ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ғылыми қызметкерлері Алматы қаласындағы жетекші жоғары оқу орындарында ғылыми кездесулер өткізіп, зерттеу жобасының аралық нәтижелерін таныстырды.
2026 жылғы 3–11 қараша аралығында университеттің аға ғылыми қызметкері А.Ж. Байгужинова мен кіші ғылыми қызметкер Е.Б. Домалатов AP26101867 «Цифрлық логистика жағдайында аймақтың агроөнеркәсіп кешені сүт өнімдері шағын жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру» ғылыми жобасын іске асыру аясында Алматы қаласындағы Нархоз университеті мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ғылыми іссапармен барды.
Нархоз университетінде зерттеушілер №5 Ғылыми-зерттеу комитетінің кеңейтілген отырысына қатысып, жобаның аралық нәтижелерін ғылыми ортаға ұсынды. Сонымен қатар экономика ғылымдарының кандидаты, ассистент-профессор Г.Е. Жунисбекова және PhD, қауымдастырылған профессор Б.Ж. Нураховамен ғылыми консультациялар өткізілді. Кездесу кезінде сүт өнімдерін жеткізу тізбектерінің экономикалық тиімділігі, логистикалық шығындарды бағалау және цифрлық технологияларды енгізудің экономикалық әсерін анықтау мәселелері талқыланды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Менеджмент кафедрасы мен Экономика және бизнес жоғары мектебінің өкілдерімен, соның ішінде экономика ғылымдарының докторы, профессор А.Н. Тургинбаевамен ғылыми кездесулер ұйымдастырылды. Талқылау барысында агроөнеркәсіп кешенін цифрлық трансформациялау, сүт өнімдерін жеткізу тізбектерін басқаруды жетілдіру, цифрлық логистиканы дамыту және осы үдерістерде мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) тетіктерін қолдану мүмкіндіктері қарастырылды. Сондай-ақ ғылыми ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен зерттеулер жүргізу перспективалары сөз болды.
Ғылыми іссапар қорытындысы бойынша зерттеудің әдіснамалық тәсілдерін жетілдіруге және жоба нәтижелерін одан әрі дамытуға бағытталған ғылыми-әдістемелік ұсынымдар алынды. Кездесулер жоғары оқу орындары арасындағы ғылыми байланыстарды нығайтып, Шығыс Қазақстан облысының сүт саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған бірлескен зерттеулердің жаңа мүмкіндіктерін айқындады.

