11 қараша 2026
ПРОФЕССОР СОВЕТХАН ИГІБАЕВТЫҢ ҒЫЛЫМИ МҰРАСЫ AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ҰЛЫҚТАЛДЫ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Профессор С.Қ. Игібаевтың ғылыми мұрасы және отандық тарихтың өзекті мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция өтті.
Іс-шара тарих ғылымдарының докторы, профессор Советхан Қабдуәліұлы Игібаевтың туғанына 85 жыл және тарих факультетінің құрылғанына 70 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Конференцияға Қазақстан мен шетелден келген ғалымдар, проректорлар, оқытушылар, университет түлектері мен студенттер қатысты.
Советхан Қабдуәліұлы Игібаев еңбек жолын мектеп мұғалімі болып бастаған. Кейін ғылым саласына бет бұрып, докторлық диссертациясын қорғап, профессор ғылыми атағын иеленді. Мәскеу қаласында архив құжаттарымен жұмыс істеп, Қазақ хандығының тарихын зерттеді. Сонымен қатар АҚШ-тағы Стэнфорд университетінде ғылыми тағылымдамадан өтті. Ғалымның көпжылдық ізденістерінің нәтижесінде «Қазақстан деректер мен материалдарда» атты кітабы жарық көрді.
Конференция қонақтары ғалымның өмірі мен ғылыми қызметіне арналған кітап және архив көрмелерімен танысты. Көрмелерде профессордың еңбектері мен зерттеу жұмыстарына қатысты құнды материалдар ұсынылды. Сондай-ақ қатысушыларға ғалымның өмір жолы туралы деректі фильм көрсетілді.
Пленарлық отырыста Советхан Қабдуәліұлы Игібаевтың ғылымға қосқан үлесі, Алтай мен Қазақ хандығының тарихы, сондай-ақ тарихи ғылымның қазіргі даму бағыттары туралы баяндамалар жасалды. Қатысушылар Қазақстан тарихын зерттеудің өзекті мәселелерін талқылап, алдағы ғылыми жұмыстардың бағыттарын айқындады.
Конференцияның маңызды сәттерінің бірі – «Қазақстан деректер мен материалдарда» атты кітаптың тарих факультетінің 4-курс студенті Ұлту Мұратбекқызына табысталуы болды. Құнды еңбекті студентке профессордың жұбайы Айнагүл Құрмашевна Игібаева тапсырды. Бұл – ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі. Ғалымның еңбегі болашақ тарихшылар үшін білім мен ізденістің қайнар көзіне айналмақ.
Советхан Қабдуәліұлы Игібаевтың ғылыми мұрасы мен ұстаздық қызметі Amanzholov University тарихының ажырамас бөлігі болып қала береді. Ал студенттердің ғалым зерттеулеріне деген қызығушылығы оның ғылыми жолы мен ізденістерінің кейінгі ұрпақ арасында жалғасын тауып отырғанын көрсетеді.









