12 қараша 2026


КЕДЕРГІСІЗ ЭКОНОМИКА: ИНКЛЮЗИЯ, ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР ЖӘНЕ ТЕҢ МҮМКІНДІКТЕР

15 қараша – Қазақстан Республикасының Ұлттық валюта күні қарсаңында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Кедергісіз экономика» атты іскерлік ойын ұйымдастырылды.

Іс-шара қаржылық сауаттылық, жасанды интеллект және инклюзия бағыттарын тоғыстырып, заманауи экономиканың әрбір адамның қажеттілігі мен мүмкіндігін ескере отырып дамуы керектігін көрсетті.

Іскерлік ойын барысында студенттер ұлттық валютамыз – теңгенің қалыптасу тарихымен танысып, Қазақстанның қаржы жүйесіне қатысты интерактивті викториналар мен танымдық тапсырмаларға қатысты. Жасанды интеллект құралдарының көмегімен әзірленген ойын элементтері мен тапсырмалар білім беру үдерісін жандандырып, қатысушылардың қызығушылығын арттырды.

Сонымен қатар студенттер «AI-Бухгалтер.KZ» және «AI-ОСВ-Обработчик» боттарының мүмкіндіктерімен танысып, цифрлық құралдарды күнделікті өмірде қолдану жолдарын білді.

Танымдық ойынның тағы бір ерекшелігі – қатысушылардың Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы рөлінде өздерін сынап көруі болды. Олар инфляцияны болжау, қаржылық алаяқтықтың алдын алу және цифрлық валютаны дамыту бағыттарында жасанды интеллектіні қолдануға қатысты шешімдер қабылдады.

Іс-шарада қаржылық білім берудің инклюзивті қырына да ерекше назар аударылды. Қатысушыларға ерекше білім беру қажеттіліктері бар мектепке дейінгі және бастауыш мектеп жасындағы балаларға арналған арнайы оқу-дамыту кешені таныстырылды.

Аталған кешенді «Қаржы және есеп» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттері Әсем Қайырлықызы мен Тоғжан Қанатова әзірлеген. Жобаның негізгі мақсаты – отбасылық бюджетті жоспарлау және қаражатты тиімді бөлу дағдыларын тәжірибе жүзінде меңгерту арқылы балалардың қаржылық сауаттылығының алғашқы негіздерін қалыптастыру.

Арнайы әзірленген ойын және практикалық тапсырмалар арқылы балалар кіріс пен шығыс ұғымдарын түсініп, сатып алуды жоспарлауды, ақшаны бөлуді және алғашқы қаржылық шешімдер қабылдауды үйрене алады. Мұндай тәсіл әр баланың жеке білім алу қажеттіліктерін ескере отырып, ерте жастан қаржылық дербестігін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Іс-шараны «Dana Bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығының жетекшісі Алима Алипова мен «Қаржы және есеп» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттері ұйымдастырды. Ұйымдастыру тобының құрамында Мария Цырульникова, Александра Комскова, Екатерина Суворова, Павел Староверов, Алихан Ильяс, Элона Стрельникова, Раяна Кенесбекова және Михаил Синельников болды.

Кедергісіз экономика ұғымы инклюзиямен қалай ұштасады?

Инклюзивті қоғам құру дегеніміз – білім беру ортасының қолжетімділігін қамтамасыз етумен ғана шектелмейді. Бұл – әр адамның экономикалық және қоғамдық өмірге тең дәрежеде араласуына жағдай жасау. Қаржылық сауаттылықты арттыру, қолжетімді цифрлық қызметтерді дамыту және жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану қоғамдағы кедергілерді азайтып, адамдардың дербестігін арттыруға әрі әлеуметтік-экономикалық интеграцияға жол ашады.

Amanzholov University үшін инклюзивті мәдениетті дамыту – әр адамның жеке білім алу қажеттілігі мен мүмкіндігіне қарамастан, білім, технология және инновация адам игілігіне қызмет ететін орта қалыптастыру.

Кедергісіз экономика – әрбір бала мен ересек адам білім алып, дамуға, өз бетінше шешім қабылдауға және қоғамдық өмірге толыққанды араласуға мүмкіндік алатын орта.

Аталған іс-шара университеттің Тұрақты даму мақсаттарының 4-мақсаты – «Сапалы білім» және 10-мақсаты – «Теңсіздікті азайту» бағыттарына қосқан үлесін көрсетеді. Жоба аясында қаржылық сауаттылықты арттыру, инновациялық білім беру шешімдерін енгізу және инклюзия қағидаттарын дамыту өзара сабақтастықта қарастырылды.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ұжымы баршаңызды Қазақстан Республикасының Ұлттық валюта күнімен құттықтайды!