13 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY: НАНОТЕХНОЛОГИЯ БІЛІМ БЕРУДІҢ ЖАҢА БАҒЫТЫ РЕТІНДЕ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Мектеп пен жоғары оқу орнында нанотехнологияны оқыту: STEM тәсілдері, сабақтастық және даму перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шара Физика және технологиялар кафедрасында AP25796559 «STEM технологияларды қолдану арқылы нанотехнологияны оқытуда болашақ және қазіргі физика мұғалімдерінің құзыреттілігін арттырудың ғылыми-педагогикалық тәжірибесін дамыту» ғылыми жобасы аясында ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстел жұмысына «Физика мұғалімдерін даярлау», «Қолданбалы физика және нанотехнология», «Өңдеу өндірістерінің технологиясы» білім беру бағдарламаларының студенттері мен оқытушылары, сондай-ақ мектеп мұғалімдері онлайн және офлайн форматта қатысты.

Жиынды Физика және технологиялар кафедрасының меңгерушісі Римма Ерболатқызы Сәкенова ашып, нанотехнология саласындағы заманауи ғылыми жетістіктерді білім беру үдерісіне енгізудің маңыздылығына тоқталды.

Дөңгелек үстелде Физика және технологиялар кафедрасының профессоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты Досым Ерболатұлы нанотехнологияның даму перспективалары, оны оқытудың өзектілігі және білім алушыларды жаңа технологиялық бағыттарға даярлау мәселелері жөнінде баяндама жасады. Ол нанотехнология негіздерін меңгеру білім алушылардың ғылыми дүниетанымын кеңейтіп, зерттеушілік және инженерлік ойлау қабілетін дамытуға ықпал ететінін атап өтті.

«Shygys Bastau» технопаркінің ғылыми қызметкері, жоба жетекшісі Анас Бақдәулет Мухитдинұлы болашақ физика мұғалімдеріне нанотехнология негіздерін оқытудың ғылыми-әдістемелік ерекшеліктерін таныстырды. Сонымен қатар STEM тәсілдері мен цифрлық білім беру ресурстарын пайдалану арқылы пәнді оқытудың мүмкіндіктеріне тоқталды.

Ал Шоқан Уәлиханов атындағы №3 мектеп-лицейінің физика пәні мұғалімі, «Физика» білім беру бағдарламасының 1-курс докторанты Құндыз Мұратқызы Мұратова мектептегі физика курсына нанотехнология тақырыптарын енгізудің қажеттілігі мен мүмкіндіктері туралы баяндады. Оның айтуынша, нанотехнология элементтерін мектеп бағдарламасымен сабақтастыра оқыту оқушылардың жаратылыстану-ғылыми сауаттылығын арттырып, заманауи технологияларға қызығушылығын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Пікір алмасу кезінде мектеп пен жоғары оқу орны арасындағы білім беру сабақтастығын нығайту, STEM тәсілдерін оқу үдерісіне енгізу, болашақ және қазіргі физика мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігін жетілдіру мәселелері қарастырылды. Сондай-ақ жобалық және зертханалық жұмыстарды, цифрлық білім беру ресурстары мен 3D-принтинг технологияларын пайдаланудың тиімділігі талқыланды.

Дөңгелек үстел қорытындысында мектептегі физика курсына нанотехнологияның негізгі ұғымдарын, наноматериалдардың қасиеттері мен қолданылу бағыттарын енгізу мүмкіндіктерін қарастыру ұсынылды. Бұдан бөлек, болашақ физика мұғалімдеріне арналған нанотехнология негіздерін оқыту пәнінің силлабусын әзірлеу, оқу-әдістемелік материалдар мен бейнедәрістер дайындау, қолжетімді зертханалық жұмыстар мен STEM жобаларын құрастыру жөнінде шешім қабылданды.

Кездесу мектеп пен жоғары оқу орны арасындағы ғылыми-әдістемелік байланысты нығайтып, нанотехнологияны оқытудың мазмұны мен әдістерін жетілдіруге бағытталған бірлескен жұмыстардың алдағы міндеттерін айқындады.