13 қараша 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТІ ПОЛЬШАДА ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТТІҢ ЕУРОПАЛЫҚ ҮЛГІСІМЕН ТАНЫСТЫ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Тіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау» білім беру бағдарламасының 4-курс студенті Жанзада Ержанова академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Польшаның Познань қаласында білім алып жүр.
Шетелде білім алу студентке басқа елдің білім беру жүйесімен және мәдениетімен танысып қана қоймай, еуропалық қаланың экологиялық мәдениеті мен күнделікті өмірдегі заманауи шешімдерін зерделеуге мүмкіндік берді. Әсіресе қалдықтарды басқару жүйесі, қоғамдық орындардың тазалығы, дамыған инфрақұрылым және тұрғындарға арналған қолайлы жағдайлар оның ерекше қызығушылығын тудырған.
Жанзада үшін Польшадағы пайдаланылған қаптамаларды қайтару жүйесі ерекше тәжірибенің бірі болды. Пластикалық бөтелкелер мен металл банкаларды арнайы автоматтарға өткізу арқылы сатып алу кезінде төленген кепілдік қаражатты қайтарып алуға болады.
Жүйе бойынша көлемі үш литрге дейінгі пластикалық бөтелке мен бір литрге дейінгі металл банка үшін 50 грош, ал көлемі бір жарым литрге дейінгі көп рет пайдаланылатын шыны бөтелке үшін бір злотый қайтарылады. Бұл жүйеде қаптаманың арнайы таңбасы болуы маңызды. Сонымен қатар пайдаланылған ыдысты қайтару үшін сатып алу түбіртегін көрсету талап етілмейді.
Студенттің назарын аударғаны – мұндай тәсіл арқылы пайдаланылған бөтелке жай ғана қалдық емес, белгілі бір құндылығы бар ресурс ретінде қарастырылады. Бұл тұрғындарды қаптамаларды кез келген жерге тастамай, қайта өңдеуге тапсыруға ынталандырады.
Познаньдағы тұрмыстық қызмет көрсету ерекшеліктерінің ішінде Жанзада Biedronka супермаркеттер желісіндегі нан-тоқаш өнімдеріне арналған автоматты турағыш құрылғыларды да атап өтті. Сатып алушылар нанды өздері турап, қажетті қалыңдықты таңдай алады. Бір қарағанда, бұл қарапайым тұрмыстық шешім болғанымен, күнделікті өмірді жеңілдетуге бағытталған тиімді тәсілдердің бірі.
Познань қаласының тазалығы мен қоғамдық орындардың күтіп ұсталуы да студентке ерекше әсер қалдырған. Қала көшелері, саябақтар мен қоғамдық көлік аялдамаларының жағдайы тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін аңғартады. Мұнда қалдықтарды бөлек жинауға ерекше көңіл бөлінеді. Қоқыстың әр түріне арналған жеке контейнерлер орнатылып, сұрыптау мәдениеті тұрғындардың күнделікті дағдысына айналған.
Бұл тәжірибе болашақ эколог үшін кәсіби тұрғыдан да маңызды. Себебі қоршаған ортаның қауіпсіздігі, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және қалдықтарды басқару – оның болашақ мамандығының негізгі бағыттары.
Познань қаласының тағы бір ерекшелігі – қоғамдық көлік пен велосипед инфрақұрылымының дамуы. Мұнда велосипед тек спорттық немесе демалыс құралы емес, күнделікті қатынаудың баламалы түрі ретінде кеңінен қолданылады. Қалада велосипедшілерге арналған арнайы жолдар қарастырылған. Сонымен қатар трамвайлар мен автобустар желісі жақсы дамыған. Кейбір бағыттардың түнгі уақытта да қатынауы тұрғындар мен студенттер үшін қолайлы жағдай қалыптастырады.
Жанзаданың пайымдауынша, жеке автокөлікке балама ретінде қоғамдық көлік пен велосипедті пайдалану жолдағы көлік жүктемесін азайтып, зиянды шығарындылардың төмендеуіне ықпал етеді.
Польшадағы академиялық ұтқырлық Жанзада Ержанова үшін халықаралық білім беру ортасымен танысудың ғана емес, экологиялық шешімдердің күнделікті өмірде қалай жүзеге асатынын тәжірибе жүзінде көрудің мүмкіндігіне айналды.
Студенттің байқауынша, экологиялық мәдениет ең алдымен адамдардың күнделікті әдеттері мен жауапкершілігінен басталады. Қалдықтарды сұрыптау, пайдаланылған қаптамаларды қайтару, қоғамдық көлікті пайдалану және қоғамдық орындарға ұқыпты қарау – қоршаған ортаны қорғауға қосылатын нақты үлес.
Жанзада Еуропадағы осындай тәжірибелерді Қазақстанда да дамытуға мүмкіндік бар екенін атап өтті. Оның пікірінше, халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламалары студенттерге теориялық білімді нақты өмірлік тәжірибемен ұштастырып, болашақ мамандығына жаңа көзқараспен қарауға жол ашады.


