13 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕРІ БИОЛОГИЯ БОЙЫНША ОҚУ МАТЕРИАЛДАРЫН ЖАСАУДА ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТТІ ҚОЛДАНУДА

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде болашақ биология мұғалімдері жасанды интеллект мүмкіндіктерін теория жүзінде ғана емес, тәжірибе барысында да меңгеруде. Осындай сабақтардың бірі IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің биология кафедрасында 6В01512 – «Биология-жаратылыстану» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттеріне өткізілді.

Ағылшын тілінде өткен ашық практикалық сабақ «The Use of Artificial Intelligence in Biological Education» («Биологиялық білім беруде жасанды интеллектіні қолдану») тақырыбына арналды. Сабақты биология кафедрасының меңгерушісі, биология магистрі, сениор-лектор Ж. Қ. Кабатаева өткізді.

Сабақ барысында биология пәні бойынша оқу сабақтарын әзірлеу мен өткізуде қолдануға болатын жасанды интеллект құралдарына ерекше назар аударылды. Студенттер аталған құралдардың мүмкіндіктерімен танысып қана қоймай, олардың көмегімен жасалған оқу материалдарының сапасын сыни тұрғыдан бағалауды үйренді.

Сабақтың алғашқы кезеңінде қатысушылар ағылшын тілінде жасанды интеллектінің негізгі ұғымдарын, түрлері мен білім беру саласындағы қолданылу бағыттарын, сондай-ақ оны пайдалануға қатысты этикалық мәселелерді талқылады. VR-көзілдіріктердің көмегімен жасанды интеллектінің жұмыс істеу қағидаттары мен білім беру үдерісіндегі мүмкіндіктерін көрсететін иммерсивті материалдармен танысты.

Одан кейін студенттер үш топқа бөлініп, практикалық тапсырмаларды орындауға кірісті.

Бірінші топ биология пәні бойынша қысқа мерзімді сабақ жоспарын әзірлеу үшін отандық Shyraq AI платформасын пайдаланды. Студенттер жасанды интеллектіге тапсырма беру кезінде қандай сұраныстар құрастырғандарын көрсетіп, ұсынылған материалдың оқу мақсаттарына сәйкестігін және ғылыми талаптарға сай болуын тексерді.

Екінші топ Synthesia AI платформасының көмегімен оқу бейнедәрісін әзірледі. Қатысушылар онда биологиялық ақпараттың қаншалықты түсінікті әрі көрнекі ұсынылғанын бағалап, білім беру контентін дайындауда Synthesia мен ChatGPT мүмкіндіктерін салыстырды. Сондай-ақ күрделі биологиялық тақырыптарды мектеп оқушыларына түсіндіруде бейнематериалдардың тиімділігіне ерекше мән берілді.

Үшінші топ SciSim платформасында виртуалды зертханалық жұмыс жүргізді. Студенттер тамыр соғу жиілігін өлшеп, алынған нәтижелерді жүйеге енгізді және автоматты түрде жасалған қорытындыны талдады. Сонымен қатар қорытындының ғылыми негізділігін бағалап, виртуалды эксперименттің дәстүрлі зертханалық жұмыспен салыстырғандағы мүмкіндіктерін саралады.

Практикалық жұмыстар топтық талқылаулармен, салыстырмалы талдаумен және жобаларды таныстырумен қатар жүргізілді. Сабақ соңында студенттер биологияны оқытуда жасанды интеллектіні қолданудың шектеулері мен ықтимал тәуекелдерін талқылады.

Сабақтың негізгі түйіні – жасанды интеллект педагогтің тиімді көмекшісіне айнала алады, алайда ол мұғалімді және оның кәсіби пайымын алмастыра алмайды. Жасанды интеллект көмегімен әзірленген кез келген оқу материалы міндетті түрде тексеріліп, сенімді ғылыми дереккөздермен салыстырылуы қажет.

Мұндай тәжірибелік сабақтар болашақ биология мұғалімдерінің цифрлық және зерттеушілік құзыреттерін дамытуға, заманауи технологияларды сауатты қолдануды меңгеруіне және кәсіби қызметінде ағылшын тілін еркін пайдалануға мүмкіндік береді.