16 қараша 2026


ХОККЕЙ АТМОСФЕРАСЫ: AMANZHOLOV UNIVERSITY ШЕТЕЛДІК СТУДЕНТТЕРІ «ТОРПЕДО» ОЙЫНЫН ТАМАШАЛАДЫ

Шетелдік студенттердің Қазақстанның қоғамдық, мәдени және спорттық өміріне бейімделуіне бағытталған жұмыстар жалғасуда. Осы жолы Марокко мен Тәжікстаннан келген білім алушылар Өскемен қаласындағы хоккей матчын тамашалап, отандық спорттың тынысымен жақынырақ танысты.

Студенттер «Торпедо» және «Арлан» хоккей командалары арасындағы тартысты кездесудің көрермені болды. Мұз айдынындағы әр сәтке жанкүйерлердің ерекше ықыласы мен қолдауы қосылып, ойынның көркін қыздыра түсті. Кездесу нәтижесінде «Торпедо» командасы 4:1 есебімен жеңіске жетті.

Шетелдік білім алушылар үшін бұл сапар жай ғана спорттық матч көрумен шектелген жоқ. Олар хоккейдің өзіндік ерекшелігін сезініп, жанкүйерлердің командаларға қолдау көрсету мәдениетін көріп, Өскемендегі спорттық өмірдің бір бөлшегіне айналды. Студенттер ойын барысын қызығушылықпен бақылап, мұз айдынындағы әрбір шабуыл мен шешуші сәтті жіті қадағалады.

Мұндай бастамалар университеттегі халықаралық студенттермен жұмыстың маңызды бағыттарының бірі саналады. Себебі шетелдік студенттердің жаңа ортаға бейімделуі дәрісханамен ғана шектелмейді. Қаланың мәдени, қоғамдық және спорттық өміріне араласу олардың жергілікті ортамен жақындасуына, жаңа достар табуына және Қазақстан туралы танымын кеңейтуіне мүмкіндік береді.

Университет шетелдік білім алушылардың жан-жақты дамуына, олардың студенттік өмірге белсенді араласуына және мәдениетаралық байланыстың нығаюына бағытталған осындай іс-шараларды жалғастыра береді.