16 қараша 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY МАГИСТРАНТТАРЫ МЕЙІРІМДІЛІК ПЕН ТОЛЕРАНТТЫЛЫҚҚА АРНАЛҒАН ЕКІ ЕРЕКШЕ АКЦИЯ ҰЙЫМДАСТЫРДЫ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Психология» білім беру бағдарламасының 2-курс магистранттары Дүниежүзілік мейірімділік күні мен Халықаралық толеранттылық күніне орай мазмұны ерекше екі әлеуметтік акция өткізді.
Игі бастамалар адамдар арасындағы сыйластықты нығайтуға, өзгенің пікіріне құрметпен қарауға, жанашырлық танытуға және қоғамдағы өзара түсіністікті арттыруға бағытталды.
Алғашқы акция аясында қатысушылар арнайы дайындалған карточкалардан шағын ізгі тапсырмаларды таңдап, орындады. Мәселен, оқытушыға ортақ чатта шынайы алғыс білдіру сияқты қарапайым, бірақ жүрекке жылу сыйлайтын әрекеттер ұсынылды.
Тапсырманы орындаған студент тәтті сыйлыққа ие болып, сонымен қатар өз тілегі мен жылы лебізін ортақ «Мейірімділік жүрегіне» қалдыра алды. Осылайша, акция қатысушыларды бір-біріне көңіл бөлуге, ризашылық білдіруге және айналасына жағымды көңіл күй сыйлауға шақырды.
Екінші акция өзгеше әрі креативті форматта ұйымдастырылды. Магистранттар Threads әлеуметтік желісінде «Душнила» атты кейіпкер парақшасын ашып, қоғамда кездесетін қалыптасқан стереотиптерге негізделген арандатушы сипаттағы жазбалар жариялады.
Қатысушылардың міндеті – жарияланымдарға жай ғана қарсылық білдіру емес, өз ұстанымдарын нақты дәлелдермен жеткізіп, қалыптасқан жаңсақ пікірлерді жоққа шығару және өзге көзқарастағы адаммен сындарлы диалог құру болды.
Бұл бастама студенттерге толеранттылықтың мәнін тәжірибе жүзінде түсінуге мүмкіндік берді. Өйткені өзгенің пікірін құрметтеу дегеніміз – әрдайым келісу емес, көзқарастар қайшылығы туындаған жағдайда да түсіністік танытып, мәдениетті пікір алмасу.
Аталған екі акция «Психология» білім беру бағдарламасының 35 жылдығына арналған «Арнайы клиникалық-психологиялық қараша» онкүндігі аясында өткізілді.
Осындай шығармашылық бастамалар жастардың бойында адамгершілік, жанашырлық, өзара құрмет және әлеуметтік жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді. Ең бастысы, мейірімділік үлкен істерден емес, күнделікті өмірдегі қарапайым жақсылықтардан басталатынын көрсетеді.




