17 қараша 2026
ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ДИАЛОГ ПЕН ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР: AMANZHOLOV UNIVERSITY IV ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ФИЛОСОФИЯЛЫҚ КОНГРЕССКЕ ҚАТЫСТЫ
Қазақстанда Дүниежүзілік философия күніне, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің 75 жылдығына және IV Қазақстандық философиялық конгреске орай бірқатар ғылыми іс-шара ұйымдастырылды. Amanzholov University өкілдері ғылыми кездесулерге қатысып қана қоймай, олардың ұйымдастырылуына да атсалысты. Зерттеушілерді, оқытушылар мен жас ғалымдарды біріктірген басқосуларда қазіргі философиялық ойдың өзекті мәселелері талқыланды.
Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институтының базасында «Қазақстан қоғамының философиясы: құндылық бағдарлары мен даму перспективалары» тақырыбында IV Қазақстандық философиялық конгресс өтті. Конгресс жұмысына Қазақстандық философиялық конгрестің Шығыс бөлімінің ғылыми хатшысы Е.В. Савчук, сондай-ақ университет докторанттары Б. Қадыров, Ф. Кенжебекова және С. Бейсенова қатысты.
Ғылыми бағдарлама аясында жас ғалымдардың «Мәдениет кеңістігіндегі қазіргі адамның өзіндік болмысы мен орнын айқындауы» атты дөңгелек үстелі ұйымдастырылды. Іс-шараны Қазақстандық философиялық конгресс, оның Шығыс бөлімі және Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті бірлесіп өткізді. Кездесу офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылып, жас зерттеушілерге ғылыми тұжырымдарын ортаға салып, қоғам мен мәдениеттің дамуындағы өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді.
Дөңгелек үстелдің модераторлары PhD, қауымдастырылған профессор Е.Г. Рякова және PhD, қауымдастырылған профессор М.Ш. Тарлаубай болды. Қатысушыларға Қазақстандық философиялық конгрестің президенті, философия ғылымдарының докторы, профессор Аяжан Сағиқызы құттықтау сөз арнады. Ол қазіргі қоғамдық үдерістерді пайымдауда философиялық білімнің маңызын, жас зерттеушілерді қолдау мен ғылыми диалогты дамытудың қажеттілігін атап өтті.
Талқылау барысында ұлттық бірегейлік, рухани құндылықтар сабақтастығы, цифрлық технологиялардың адам болмысына ықпалы және жасанды интеллектіні қолданудың этикалық қырлары сөз болды. Сондай-ақ мәдени мұраны сақтау және қоғамдағы жедел өзгерістер жағдайында құндылық бағдарларын айқындау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Ғылыми баяндамалармен «Философия» білім беру бағдарламасының докторанттары Сымбат Бейсенова, Акерке Оспанбаева, Фариза Кенжебекова, Балхан Құрметова, Айгерім Сейсенова, Ерсұлтан Кеңесбеков, Лейла Байжуманова және Артем Дмитриев сөз сөйледі. Олар өз зерттеулерінде ұлттық бірегейлік пен ана тілінің рөлін, адам өміріндегі шығармашылықтың орнын, жасанды интеллект пен цифрлық ортаның этикасын, отбасылық және рухани құндылықтарды, түркі өркениетінің мұрасын, экологиялық жауапкершілік пен тіл философиясын қарастырды.
Баяндамалар қатысушылардың қызығушылығын тудырып, мазмұнды пікір алмасуға ұласты. Қатысушылар ұлттық сана қалыптастырудағы ана тілі мен тарихи жадтың маңызы, жасанды интеллектіні пайдалану кезіндегі адамның моральдық жауапкершілігі, рухани сабақтастықты сақтаудағы отбасылық дәстүрлер мен мәдени мұраның рөлі жөнінде ой бөлісті. Сонымен қатар жаһандану жағдайындағы экологиялық жауапкершілік, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтардың арақатынасы мәселелері де талқыланды.
Ғылыми диалогтың тағы бір алаңына Қазақстандық философиялық конгрестің «Диалектика: тарихта және бүгінгі күні – ойлау тәжірибесін жүзеге асыру мәселелері мен болашаққа бағдар» атты онлайн-сессиясы айналды. Сессия модераторлары философия ғылымдарының докторы, профессор Н.В. Гусева, PhD, қауымдастырылған профессор Е.Г. Рякова және философия магистрі, аға оқытушы Е.В. Савчук болды.
Сессия барысында қатысушылар диалектикалық ойлау тарихына, оның әдіснамалық негіздеріне және қазіргі қоғамдық үдерістерді талдауда диалектикалық тәсілді қолдану мүмкіндіктеріне тоқталды. Сонымен қатар болашақты философиялық тұрғыдан пайымдау және жинақталған зияткерлік тәжірибенің болып жатқан өзгерістерді түсінудегі маңызы сөз болды.
Amanzholov University өкілдерінің конгресс жұмысына қатысуы және ғылыми кездесулерді ұйымдастыруға атсалысуы философиялық қауымдастықты дамытуға, ғылыми байланыстарды нығайтуға және жас зерттеушілерді қолдауға қосылған маңызды үлес болды. Мұндай бастамалар ашық пікір алмасуға жол ашып, қазіргі заманның өзекті сын-қатерлерін терең зерделеуге және философия ғылымының одан әрі дамуына негіз қалайды.








