17 қараша 2026
ТАЛҚЫЛАУДАН ТӘЖІРИБЕГЕ: AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ МЕДИАЦИЯ ЖӨНІНДЕГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ЖАЛҒАСТЫ
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңының қабылданғанына 15 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Медиация: заңнан – диалог мәдениетіне» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның бағдарламасы жалғасын тапты.
Конференцияның қорытынды күні тәжірибелік сабақтарға, кәсіби тәжірибе алмасуға және мәдени бағдарламаға арналды. Күн тәртібіндегі негізгі іс-шаралардың бірі медиацияны түрлі салаларда қолдану мәселелеріне арналған шеберлік сабақтары болды.
Қатысушылар медициналық және еңбек дауларын шешу жолдарын, Қазақстандағы медиацияның құқықтық негіздерін, сондай-ақ отбасылық жанжалдарды реттеудің ерекшеліктерін талқылады. Сабақтарды Қазақстан мен Ресейден келген кәсіби медиаторлар мен сарапшылар жүргізді. Олар дауларды бейбіт жолмен шешудің тәжірибелік тәсілдерімен, тараптарға ортақ әрі тиімді шешім табу және өзара келісімге келу жолдарымен бөлісті.
Бағдарлама концерттік қойылымдармен жалғасып, қатысушыларға ерекше көңіл күй мен қонақжайлық атмосферасын сыйлады. Іс-шараның салтанатты бөлімінде Ресейден келген қатысушыларға сертификаттар табысталып, конференцияны ұйымдастыруға және өткізуге атсалысқан азаматтарға алғыс хаттар берілді.
Екі күнге созылған кәсіби кездесу әртүрлі елдердің ғылыми қауымдастық өкілдерін, сот жүйесі мен мемлекеттік органдар қызметкерлерін, сондай-ақ тәжірибелі медиаторларды бір алаңға біріктірді. Өзекті мәселелерді талқылау, тәжірибе алмасу және кәсіби байланыстарды нығайту медиацияны дамыту мен сындарлы диалог мәдениетін қалыптастыруға өз үлесін қосты.
Халықаралық конференцияны өткізу Amanzholov University үшін халықаралық кәсіби байланыстарды нығайтуға, ғылыми қауымдастық пен тәжірибелі мамандардың басын қосуға, сондай-ақ білім мен тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашты. Мұндай кездесулер университеттің ғылыми ынтымақтастығын дамытуға және қоғамдағы өзекті мәселелерді шешудің тиімді жолдары талқыланып, тәжірибеде қолданылатын кәсіби ортаны қалыптастыруға ықпал етеді.









