18 қараша 2026


ОЙЫН АРҚЫЛЫ ДАМУ: ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРМЕН ЖҰМЫС ІСТЕУДІҢ ТИІМДІ ТӘСІЛДЕРІ

Ойын – баланың қоршаған ортаны тануына, қарым-қатынас орнатуына және өз қабілеттерін дамытуына мүмкіндік беретін маңызды құрал. Ал ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс кезінде ойынның маңызы одан әрі арта түседі.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Ережесіз ойын ба? Ерекше баламен ойын» тақырыбында шеберлік сағаты өтті. Кездесуді Айгерім Әлжанқызы Нәғимбаева жүргізді.

Мәселен, ересек адам балаға текшелерден мұнара құрастыруды ұсынғанымен, бала оларды қатарластырып, ұзын жол жасауы мүмкін. Мұндай жағдайда баланың әрекетін түзетіп, белгілі бір үлгіге бағыттау қажет пе, әлде оның бастамасын қолдап, ойын арқылы ойын түсінуге тырысқан дұрыс па? Шеберлік сағатында осындай маңызды мәселелер талқыланды.

Ойын арқылы бала қарым-қатынас орнатуды, эмоциясын білдіруді, қоршаған ортаны тануды және өз бетінше әрекет етуді үйренеді. Сондықтан психолог пен арнайы педагог үшін баламен бірге ойнау ғана емес, оның қызығушылығы мен бастамасын түсіну, қажет кезінде қолдау көрсету және ойын үдерісін дамыту құралына айналдыру маңызды.

Тәжірибелі маманмен өткен кездесу студенттерге теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып, әр баланың жеке ерекшеліктеріне сай жұмыс істеудің қыр-сырын түсінуге мүмкіндік берді.

Шеберлік сағаты Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Психология» білім беру бағдарламасының 35 жылдығына арналған «Арнайы клиникалық-психологиялық қараша» онкүндігі аясында ұйымдастырылды.

Баламен жұмыс істеуде ең маңыздысы – оны өз әлемімізге бейімдеу емес, оның әлемін түсіне білу.