19 қараша 2026


ЯДРОЛЫҚ БІЛІМ БЕРУДІҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ: AMANZHOLOV UNIVERSITY ҚАЗАҚСТАН-РЕСЕЙ КОНСОРЦИУМЫНЫҢ ҚАТАРЫНА ҚОСЫЛДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті Ресейдің Ұлттық ядролық зерттеу университеті – «МИФИ» және Қазақстанның жетекші сегіз жоғары оқу орнымен бірлесіп құрылған Ядролық білім беру саласындағы Қазақстан-Ресей консорциумының құрамына енді. Тиісті құжатқа Астана қаласында өткен III Халықаралық стратегиялық әріптестер форумында қол қойылды. Аталған форумға қазақстандық және шетелдік ұйымдардың 400-ден астам өкілі қатысты.

Университет ректоры атап өткендей, бұл – жоғары оқу орны үшін заңды әрі маңызды қадам. Өйткені «Ядролық физика және атом энергетикасы» білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярлау жұмыстары 15 жылдан бері жүргізіліп келеді. Жаңа әріптестік білім беру бағдарламаларының мазмұнын жаңартуға, академиялық алмасуды кеңейтуге, сондай-ақ студенттер мен оқытушылар үшін қосымша мүмкіндіктер қалыптастыруға жол ашады.

Алдағы жоспарлардың қатарында «Ядролық физика және радиациялық материалтану» мамандығы бойынша магистратура бағдарламасын дуалды оқыту жүйесі негізінде дамыту көзделген. Бұл тәсіл теориялық білімді практикалық тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар университет виртуалды зертхана мен уран және ядролық технологияларға арналған мамандандырылған оқу кабинетін ашуды жоспарлап отыр. Бұл нысандар бейінді пәндерді терең меңгеруге және практикалық дағдыларды қалыптастыруға арналған қосымша оқу базасына айналады.

Аталған бағыттың маңызына тоқталған Мемлекет басшысы өз Жолдауында атом энергетикасының ел үшін стратегиялық рөлін атап өткен болатын. Осы орайда білікті отандық мамандар даярлау жоғары оқу орындарының алдындағы маңызды міндеттердің біріне айналып отыр.

Консорциум құрамына ену Amanzholov University-ге осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде дамытуға, ғылыми-білім беру байланыстарын кеңейтуге және Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен технологиялық әлеуетін арттыруға қажетті кадрлар даярлауға үлес қосуға мүмкіндік береді.