19 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY: СТУДЕНТТЕР АҚБАУЫР ТАРИХИ-АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ КЕШЕНІНЕ ЭКСКУРСИЯ ЖАСАДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Экология және география кафедрасының 6B05201 – «География», 6B01517 – «География (IP)» және 6B01523 – «География-Тарих» білім беру бағдарламаларының 1-курс студенттері Ақбауыр тарихи-археологиялық кешеніне танымдық экскурсияға қатысты.

Экскурсияны Шығыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасының «Шығыс Қазақстан өнер музейі» КМҚК мен Экология және география кафедрасы бірлесіп ұйымдастырды. Іс-шараның негізгі мақсаты – білім алушылардың тарихи-мәдени мұраға деген қызығушылығын арттыру, туған өлкенің тарихын тереңірек таныту және ұлттық құндылықтарды дәріптеу.

Танымдық сапар кезінде студенттер Ақбауыр кешенінің тарихи-мәдени маңызымен танысып, өлкетану бағытындағы білімдерін толықтырды. Сондай-ақ туған өлкенің тарихи мұрасын зерделеп, оның құндылығы мен маңызы туралы мағлұмат алды.

Экскурсия студенттердің тарихи мұраға деген құрметін қалыптастырып, туған жердің мәдени құндылықтарын тереңірек тануына және кәсіби-танымдық көкжиегін кеңейтуіне мүмкіндік берді.