19 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY: ӨСКЕМЕНДЕ «ECOBATTLE» ҚАЛАЛЫҚ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БАЙҚАУЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Өскемен қаласының Оқушылар шығармашылық сарайында «ECOBATTLE» қалалық экологиялық байқауы өтті. Іс-шараны Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы Өскемен қаласы бойынша білім бөлімінің «Оқу-зерттеу экобиоорталығы» КМҚК мен Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Экология және география кафедрасы бірлесіп ұйымдастырды.

Байқау шарты бойынша қатысушы командалар Өскемен қаласы мен Шығыс Қазақстан облысындағы өзекті экологиялық мәселелерді және оларды шешу жолдарын қамтитын жобалық буклет-үндеулерін шығармашылық форматта таныстырып, қорғады. Оқушылар өз жұмыстарын көрнекі материалдармен, модельдермен, макеттермен және театрландырылған қойылымдармен толықтыруға мүмкіндік алды.

Байқау барысында қоқысты сұрыптап жинау, тамақ және өндірістік қалдықтарды кәдеге жарату, қалалық және аудандық аумақтарды абаттандыру мен көгалдандыру, атмосфералық ауаның, су көздері мен топырақтың ластануы мәселелері кеңінен көтерілді.

Сонымен қатар экологиялық білім беру мен халықтың экологиялық сауаттылығын арттыру перспективалары талқыланды. Оқушы жастарға кәсіби бағдар беру мәселесіне де назар аударылып, университеттің Экология және география кафедрасында бейінді мамандар даярлау бағыттары мен профильдік білім алудың мүмкіндіктері таныстырылды.

Байқауға Өскемен қаласындағы тоғыз мектептен тоғыз команда, жалпы саны 45 оқушы қатысты. Қатысушылар 10–13 және 13–17 жас ерекшеліктеріне сәйкес екі санат бойынша бақ сынады.

Қазылар алқасының құрамында Экология және география кафедрасының атынан биология ғылымдарының кандидаты, РАЕ профессоры, «Оқу-зерттеу экобиоорталығы» КМҚК базасында жұмыс істейтін кафедра филиалының меңгерушісі Анатолий Павлович Цыганов болды.

«ECOBATTLE» байқауы оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауын дамытуға және туған өлкенің экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған бастамаларын қолдауға мүмкіндік берді.