19 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ ДЕФЕКТОЛОГ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ СЕМИНАР ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Бүгінгі дефектология: арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудағы дәстүрлер, инновациялар және пәнаралық өзара іс-қимыл» тақырыбында Дефектолог күніне арналған ғылыми-практикалық семинар ұйымдастырылды.

Іс-шараны университеттің «Dana Bala» үздіксіз және инклюзивті білім беру орталығы өткізді. Семинардың басты мақсаты – арнайы және инклюзивті білім беру саласындағы мамандардың кәсіби тәжірибесін ортаға салып, заманауи түзету-дамыту технологиялары мен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық қолдаудың тиімді жолдарын талқылау.

Кездесу барысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды сүйемелдеу, мамандар арасындағы пәнаралық байланыс, аутизм спектріндегі бұзылыстары бар балалардың коммуникациялық және сенсорлық ерекшеліктері, сондай-ақ білім беру үдерісіне цифрлық технологияларды енгізу мәселелері кеңінен қарастырылды.

Семинар бағдарламасы аясында қатысушылар әлеуметтік әріптестік, ата-аналарға психологиялық қолдау көрсету, нейропсихологиялық түзету, құм терапиясы, арттерапия, Монтессори әдістері мен ойын технологияларын қолдану тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар жасанды интеллектінің арнайы және инклюзивті білім беру саласындағы мүмкіндіктеріне назар аударылды.

Ғылыми-практикалық басқосуға арнайы білім беру ұйымдарының мамандары, педагог-дефектологтер, логопедтер, педагог-психологтер, тәрбиешілер және педагогикалық білім беру бағдарламаларының студенттері қатысты.

Семинар қорытындысында қатысушылар кәсіби пікір алмасып, арнайы және инклюзивті білім беруді жетілдірудің өзекті бағыттарын талқылады. Мұндай кездесулер мамандардың тәжірибе алмасуына, жаңа әдістерді білім беру тәжірибесіне енгізуіне және инклюзивті ортаны дамытуға жол ашады.