20 қараша 2026


ҚЫТАЙДЫҢ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІ: AMANZHOLOV UNIVERSITY ОҚЫТУШЫЛАРЫ ҮШІН ЖАҢА МӘДЕНИЕТАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ

Amanzholov University-де университеттің профессор-оқытушылар құрамына арналған «Мәдениеттер тоғысында. Қытай: білім беру және тәжірибе» атты оқыту семинары өтті. Іс-шараны оқу-әдістемелік жұмысты ұйымдастыру бөлімі өткізді.

Офлайн форматта ұйымдастырылған кездесу Қытайдың заманауи білім беру тәсілдеріне, академиялық дәстүрлеріне және халықаралық ынтымақтастық мүмкіндіктеріне арналды.

Қытай Халық Республикасы бүгінде білім мен ғылымды дамытудағы маңызды орталықтардың бірі саналады. Бұл елдің білім беру тәжірибесін зерделеу оқытудың жаңа әдістемелерімен, оқу үдерісін ұйымдастыру ерекшеліктерімен және мамандар даярлау тәсілдерімен танысуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар шетелдік әріптестермен тиімді байланыс орнатуда маңызды рөл атқаратын мәдени ерекшеліктерді түсіну де өзекті.

Аталған мәселелерге Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының лекторы Ғалым Нұржайнат өз баяндамасында кеңінен тоқталды. Ол әріптестерімен Қытайдың академиялық ортасына қатысты практикалық байқаулары мен білімін бөлісіп, білім беру жүйесіндегі заманауи үрдістерге, оқытудың инновациялық әдістеріне және студенттердің білімін бағалау тәсілдеріне назар аударды.

Баяндамашы білім беру саласындағы мәдениетаралық қарым-қатынас ерекшеліктеріне де тоқталды. Қатысушылар мәдениетаралық коммуникацияның қырлары мен академиялық дәстүрлерді талқылады. Бұл ерекшеліктерді түсіну кәсіби байланыстарды дамытуға және шетелдік университеттермен әріптестік қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етеді.

Семинар барысында Қытайдың білім беру мекемелерімен ынтымақтастықты кеңейту перспективалары да қарастырылды. Атап айтқанда, академиялық ұтқырлық, тағылымдамалар ұйымдастыру және бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу мүмкіндіктері сөз болды. Ұсынылған бағыттар оқытушылардың қызығушылығын тудырды. Өйткені олар кәсіби дамуға және тәжірибе алмасуға қосымша мүмкіндіктер ашады.

Кездесу ашық диалог форматында жалғасты. Оқытушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты және ұсынылған білім беру тәжірибелерін университеттің оқу үдерісіне бейімдеу мүмкіндіктерін талқылады.

Мұндай кездесулерді өткізу – Amanzholov University-дің білім беру қызметін жетілдіру және профессор-оқытушылар құрамының кәсіби дамуын қолдау бағытындағы жұмысының бір бөлігі. Халықаралық тәжірибемен танысу оқытушылардың әдістемелік мүмкіндіктерін кеңейтуге, білім беру үдерісіне заманауи тәсілдерді енгізуге және академиялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға негіз қалайды.