20 қараша 2026
«МЕНІҢ ҚАУІПСІЗ ӨҢІРІМ» ОБЛЫСТЫҚ БАЙҚАУЫ ЖАСТАРДЫ «ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» ҚАҒИДАТТАРЫ АЯСЫНДА БІРІКТІРДІ
Заңды құрметтеу, өзгенің құқығын сақтау және әрбір іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарау – қауіпсіз қоғам қалыптастырудың басты шарттары. Осы құндылықтар Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде қорытындыланған «Менің қауіпсіз өңірім» облыстық байқауының негізгі өзегіне айналды. Өңір колледждерінің студенттері әлеуметтік плакаттар мен бейнероликтер әзірлеп, «Заң мен тәртіп» қағидаттарына қатысты өз ойларын ортаға салды.
Құқықтық мәдениет заңдарды білумен ғана шектелмейді. Ол күнделікті өмірдегі жауапты әрекеттен, зорлық-зомбылық пен буллингке төзбеушіліктен, интернетті қауіпсіз пайдаланудан, алаяқтыққа қарсы тұрудан және айналадағы адамдардың құқығын құрметтеуден көрінеді. Сондықтан жастардың қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі жеке жауапкершілігін сезінуі ерекше маңызды.
Байқау 11–18 қараша аралығында Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы, облыстық Білім басқармасы және Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Жоғары колледжінің бастамасымен ұйымдастырылды.
Қатысушылар екі номинация бойынша бақ сынады. Біріншісі – «Жастар көзімен: заң мен тәртіп» әлеуметтік плакаттар байқауы болса, екіншісі – «Қауіпсіз өңір – біздің таңдауымыз» бейнероликтер байқауы. Қатысушылар өз жұмыстарында құқық бұзушылықтардың алдын алу, зорлық-зомбылық пен буллингке, интернет-алаяқтыққа қарсы күрес, сондай-ақ айналасындағылардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілік мәселелерін көтерді.
Байқау жұмыстарын бағалау үшін прокуратура, облыстық Білім басқармасы және Ішкі саясат басқармасының өкілдерінен құралған комиссия жұмыс істеді. Қазылар алқасы жұмыстардың өзектілігі мен әлеуметтік маңыздылығына, идеяның ерекшелігіне, тақырыптың мазмұнды ашылуына, орындалу сапасы мен практикалық құндылығына баса назар аударды.
Байқау қорытындысы бойынша екі номинацияның жеңімпаздары мен жүлдегерлері І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды. Марапаттау рәсімінде ұйымдастырушылар жастардың ұсынылған жұмыстары олардың белсенді азаматтық ұстанымын, қоғамдағы өзекті мәселелерге бейжай қарамайтынын және өңір болашағына деген жауапкершілігін көрсететінін атап өтті.
Сонымен қатар байқауды ұйымдастыруға және өткізуге қосқан үлесі үшін Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ Жоғары колледжіне алғыс білдірілді.
«Менің қауіпсіз өңірім» байқауы «Заң мен тәртіп» қағидаттарының жастар арасында кеңінен қолдау тауып отырғанын көрсетті. Қауіпсіз қоғам қалыптастыру әр адамның өзінен басталады. Ол – заңды құрметтеу, өзгенің құқығын бұзбау және қоғамда болып жатқан оқиғаларға бейжай қарамау.






