20 қараша 2026
STEM БІЛІМ БЕРУДІҢ ЦИФРЛЫҚ ОРТАСЫ: БОЛАШАҚ ПЕДАГОГТЕРГЕ АРНАЛҒАН ЖАҢА ҚҰЗЫРЕТТЕР
Amanzholov University-дің Кәсіби даярлау және біліктілікті арттыру ресурстық орталығында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген «STEM білім берудің цифрлық ортасы» атты біліктілікті арттыру курсы басталды. Оқу бағдарламасына университеттің 18 студенті – болашақ педагогтер қатысуда.
Қазіргі білім беру жүйесі болашақ мұғалімдерден пәндік біліммен қатар цифрлық құралдарды тиімді пайдалануды, интерактивті оқыту әдістерін меңгеруді және білім алушылармен тәжірибеге бағытталған жұмыстарды ұйымдастыра білуді талап етеді. Осы тұрғыда ғылым, технология, инженерия және математиканы өзара ұштастыратын STEM білім беру бағытының маңызы зор. Ол білім алушылардың зерттеушілік қабілеті мен техникалық дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.
Курстың оқу бағдарламасы дәл осы құзыреттерді қалыптастыруға бағытталған. Оқу барысында қатысушылар STEM білім берудің негізгі қағидаттарымен танысып, белсенді оқыту әдістерін меңгереді. Сонымен қатар сабақ өткізу кезінде цифрлық сервистер мен жасанды интеллект құралдарын қолдану мүмкіндіктерін үйренеді.
Курс аясында заманауи технологияларды тәжірибе жүзінде қолдануға да ерекше көңіл бөлінеді. Болашақ педагогтер 3D модельдеу құралдарымен жұмыс істеуді үйреніп, 3D принтердің мүмкіндіктерімен танысады және өздерінің практикалық STEM жобаларын әзірлеп көреді. Бұл білім мен дағдылар алдағы уақытта оқу үдерісіне заманауи технологиялық шешімдерді енгізуге негіз болады.
Сабақты Физика және технологиялар кафедрасының лекторы, «Shygys-BASTAU» технопаркінің инновациялық технологиялар ғылыми-өндірістік зертханасының ғылыми қызметкері Анас Бақдәулет Мұхитдинұлы жүргізеді.
Оқу бағдарламасын сәтті аяқтаған тыңдаушыларға арнайы сертификаттар табысталады.
Курстың негізгі мақсаты – болашақ педагогтердің кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтіп, оларды заманауи цифрлық білім беру ортасында жұмыс істеуге даярлау. Мұндай бастамалар Amanzholov University-дің педагог кадрларды даярлау жүйесіне инновациялық тәсілдерді енгізуіне және білім беру саласында сұранысқа ие практикалық дағдыларды қалыптастыруына мүмкіндік береді.


