20 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕРІ ӨРТ КЕЗІНДЕ ӘРЕКЕТ ЕТУ ДАҒДЫЛАРЫН ПЫСЫҚТАДЫ

Amanzholov University-де «Өрт жағдайын бағалау және өрт кезіндегі дұрыс әрекет ету тәртібі» тақырыбында ашық практикалық сабақ өтті. Сабақты IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебі Экология және география кафедрасының сениор-лекторы, жаратылыстану ғылымдарының магистрі А. О. Орсаринова жүргізді.

Практикалық сабаққа «Тіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау» білім беру бағдарламасының бірінші курс студенттері қатысты. Негізгі мақсат – қауіпті жағдайды дұрыс бағалау, жедел әрі негізделген шешім қабылдау және өрт сөндіру құралдарын қауіпсіз пайдалану дағдыларын қалыптастыру.

Сабақтың теориялық бөлімінде студенттер өрттің негізгі түрлері мен ерекшеліктерін, туындау себептерін және адам өмірі мен денсаулығына тигізетін ықтимал зардаптарын қарастырды. Оқытушы өрт шыққан кездегі алғашқы әрекеттер алгоритміне, қауіпсіз эвакуация ережелеріне және 101, 112 нөмірлері арқылы төтенше жағдайлар қызметіне хабарласу тәртібіне ерекше тоқталды.

Практикалық бөлімде студенттер алған білімдерін арнайы модельденген жағдайларда қолданды. Үш топқа бөлінген қатысушылар жағдаяттық тапсырмаларды орындап, тақырыптық плакаттар әзірледі және өз шешімдерін таныстырды. Сонымен қатар өз қолдарымен жасаған көрнекі құралдары мен макеттерін көрсетіп, оларды қолдану ерекшеліктерін түсіндірді.

Сабақ барысында білімді бекіту мақсатында сұрақ-жауап, топтық жұмыс, презентациялар және практикалық жаттығулар ұйымдастырылды. Қорытынды кезеңде қатысушылар орындалған тапсырмаларды талқылап, ұсынылған шешімдерді саралады және жұмыс нәтижелерін бағалады.

Ашық практикалық сабақ студенттердің өрт қауіпсіздігі саласындағы білімін тереңдетіп, төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрі қауіпсіз әрекет етуге қажетті практикалық дағдыларын қалыптастыруға ықпал етті.