21 қараша 2026
AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ СӘРСЕН АМАНЖОЛОВТЫҢ ҒЫЛЫМИ МҰРАСЫНА АРНАЛҒАН IV РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ ТУРНИРІ ӨТТІ
Amanzholov University-де көрнекті түркітанушы ғалым, профессор Сәрсен Аманжоловты еске алуға арналған жасөспірімдер мен ардагерлер арасындағы IV республикалық тоғызқұмалақ турнирі өтті. Биылғы дода ғалымның 1936 жылы жарық көрген «Тоғызқұмалақ» кітабының 90 жылдығымен тұспа-тұс келіп, ұлттық зияткерлік мұраны ұлықтаған тағылымды шараға айналды.
Турнирге еліміздің 14 командасынан 143 спортшы қатысты. Олардың қатарында спорт шеберлігіне үміткер 36 және бірінші дәрежелі 28 спортшы бар. Астана, Алматы қалаларынан, Абай, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстарынан келген қатысушылар тоғызқұмалақ тақтасында өзара бақ сынады.
Салтанатты ашылу рәсімі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталды. Қатысушылар назарына «Дала даналығы» бейнеролигі ұсынылып, Сәрсен Аманжоловтың өмірі мен ғылыми қызметіне арналған әдеби-сахналық қойылым көрсетілді. Сонымен қатар университеттің бірінші қабатында ғалымның өмір жолы мен еңбектерін таныстыратын фотокөрме және кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Шараның маңызын ашқан жүргізушілер тоғызқұмалақтың жай ғана ұлттық ойын емес, халқымыздың терең ойлау мәдениетін, математикалық қабілетін, есепке жүйріктігі мен даналығын танытатын бірегей зияткерлік мұра екенін атап өтті.
Биыл 90 жылдығы аталып отырған Сәрсен Аманжоловтың «Тоғызқұмалақ» еңбегі – ұлттық ойынның ережелері мен байырғы атауларын ғылыми тұрғыдан жүйелеген құнды зерттеу. Ғалым бұл еңбегі арқылы тоғызқұмалақтың халық тұрмысымен, көшпелі дүниетанымымен сабақтастығын танытып, оның ғылыми негізде зерделенуіне үлес қосты. Бүгінгі турнир – осындай тарихи мұраға көрсетілген құрмет әрі ұрпақтар сабақтастығын жалғастырудың жарқын көрінісі.
Жарыстың салтанатты ашылуында Шығыс Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Рауан Асылханұлы Жампейсов, Қазақстан Республикасы Тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әкім Хазіретұлы Тұрсын, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Гүлжан Сағидоллақызы Жарасова және университет профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Роза Сарқытбекқызы Чекетаева құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сөз алғандар ұлттық спортты дамыту, тоғызқұмалақтың жас ұрпақтың интеллектуалдық әлеуетін арттырудағы рөлі және Сәрсен Аманжоловтың ғылыми мұрасын насихаттаудың маңызына тоқталды.
Турнир аясында ұлттық өнер де ұлықталды. Көрермендер назарына Қалдыхан Манайдың орындауындағы «Қан тамырым – қазақтың елі» әні ұсынылды.
Айта кетейік, республикалық турнирдің өтуіне қолдау көрсеткен бас демеуші – Өскемен қаласының көлік-логистика саласының дамуына үлес қосып жүрген «Марат-М» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ұйымдастырушылар демеуші тарапқа ұлттық спортты қолдағаны үшін алғыс білдірді.
Тоғызқұмалақ – ұлттың зердесі мен зияткерлік қуатын танытатын асыл мұра. Сәрсен Аманжоловтың ғылыми еңбегімен сабақтасқан бұл турнир бабалар аманатын жаңғыртып, ұлттық құндылықтарды келер ұрпаққа жеткізуге бағытталған маңызды бастама болды.









