21 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ БАСТАМАЛАРЫНА ҚОЛДАУ КӨРСЕТЕДІ

Өскемен қаласындағы Оқушылар шығармашылық сарайында Оқу-зерттеу экобиоорталығының ғылыми-әдістемелік кеңесінің ашық отырысы өтті. Жиын барысында оқушылардың ғылыми жобаларының тақырыптары қаралып, оларды бекіту мәселесі талқыланды.

Отырыс кезінде мектеп оқушылары өздерінің зерттеу жобаларын таныстырып, ғылыми идеяларын ортаға салды. Кеңес мүшелері ұсынылған тақырыптардың өзектілігіне баға беріп, зерттеу жұмыстарын одан әрі жетілдіру бойынша бағыт-бағдар ұсынды.

Жиынға Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Экология және география кафедрасының өкілдері – қауымдастырылған профессор, PhD докторы Жанат Жазнаева мен жаратылыстану ғылымдарының магистрі, лектор Бибігүл Дәукенова қатысты.

Университет кафедрасының экобиоорталықпен бірлескен жұмысы мектеп оқушыларының ғылыми-зерттеу қызметіне ерте араласуына, зерттеу тақырыптарын айқындап, ғылыми сұрақтар қоя білуіне және туған өлкенің экологиялық мәселелерін зерделеуіне жол ашады.

Мұндай ынтымақтастық жасөспірімдердің ғылымға қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың зерттеушілік қабілетін дамытуға және өңірдің өзекті экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған ғылыми бастамаларға тартуға мүмкіндік береді.