21 қараша 2026


«ЖАС ЭКОЛОГТЕР» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ КВИЗІ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ МЕН AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕРІН БІР АЛАҢҒА ТОҒЫСТЫРДЫ

«Жасыл үй» экологиялық орталығында қала мектептерінің 3–4-сынып оқушылары арасында «Жас экологтер» атты танымдық-экологиялық квиз өтті.

Командалық сайыс жеті кезеңнен тұрды. Әр кезеңде қатысушылар қоршаған орта туралы білімдерін көрсетіп қана қоймай, тапқырлықтарын, байқампаздықтарын және топпен жұмыс істеу қабілеттерін танытты. Оқушылар табиғатқа қатысты сұрақтарға жауап беріп, қалдықтарды сұрыптады, экологиялық пазлдар құрастырды, сондай-ақ жасанды интеллект көмекшісі AYA ұсынған жұмбақтарды шешті.

Әсіресе, «Табиғат – ортақ үйіміз» тақырыбындағы сурет салу кезеңі балалардың ерекше қызығушылығын тудырды. Шығармашылық жұмыстары арқылы оқушылар қоршаған ортаға деген көзқарастарын білдіріп, табиғатты қорғауға әр адамның қандай үлес қоса алатыны жөніндегі ойларымен бөлісті.

Қазылар алқасының құрамында «Жасыл толқын» ғылыми-экологиялық клубының мүшелері, «Экология» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттері Еркежан Бейсембинова мен Толқын Мәулетова болды. Байқау қорытындысы бойынша олар Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Экология және география кафедрасының атынан жеңімпаздарды дипломдармен, ал барлық қатысушыларды алғыс хаттармен марапаттады.

Іс-шара БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына сәйкес ұйымдастырылды. Атап айтқанда, 4-мақсат – «Сапалы білім», 12-мақсат – «Жауапты тұтыну және өндіріс», 13-мақсат – «Климаттың өзгеруіне қарсы күрес», 15-мақсат – «Құрлық экожүйелерін сақтау» және 17-мақсат – «Тұрақты даму жолындағы әріптестік» бағыттарын ілгерілетуге үлес қосты.

Квиз барысында оқушылар білімдерін сынап қана қоймай, жауапты тұтыну қағидаларымен тәжірибе жүзінде танысып, қалдықтарды сұрыптаудың негізгі тәсілдерін меңгерді. Сонымен қатар табиғатқа жанашырлықпен қараудың маңызын түсінді.

Мұндай бастамалар балалардың бойында экологиялық мәдениетті ерте жастан қалыптастырып, танымдық қызығушылығын арттыруға және қоршаған ортаға саналы көзқараспен қарауға тәрбиелеуге ықпал етеді.