23 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY: САПАЛЫ БІЛІМ – САНАЛЫ КӘСІБИ ТАҢДАУДЫҢ НЕГІЗІ

Болашақ мамандықты таңдау адамның өз қызығушылықтары мен қабілеттерін түсінуінен басталады. Сонымен қатар заманауи білім берудің қандай мүмкіндіктер ұсынатынын білу де маңызды. Осы мақсатта жоғары сынып оқушылары мен жастар Еуразиялық білім берудің IV халықаралық көрмесінде білім беру бағыттарымен танысып, оларды салыстыруға және оқуға түсуге қатысты сауалдарына жауап алуға мүмкіндік алды.

Көрмеде Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің атынан Стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Ирина Ровнякова, «Professional Upgrading» мансап орталығының жетекшісі Жаннель Болатова және орталық қызметкерлері қатысты.

Көрме ауқымы жастарға білім беру бағыттарының кең таңдауымен танысуға мүмкіндік берді. Онда Қазақстан мен Ресейдің жоғары оқу орындары өздерінің білім беру бағдарламаларын ұсынды. Әрбір стендте мамандықтар туралы ақпаратпен қатар, кәсіби және тұлғалық дамуға арналған түрлі мүмкіндіктер таныстырылды. Көрмеге келушілер бакалавриат және магистратура бағдарламалары, оқуға қабылдау талаптары, оқу ақысы мен гранттар, сондай-ақ жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасы, студенттер үйі мен студенттік өмірі туралы мәлімет алды.

Болашақ талапкерлер үшін университет өкілдерімен тікелей байланыс орнату ерекше маңызды болды. Сұрақ қойып, оқуға түсу талаптарын нақтылау және білім алу шарттарын салыстыру жастарға өз мүмкіндіктерін бағалап, болашақ оқу орнын саналы түрде таңдауға көмектеседі. Өйткені жоғары оқу орнын таңдауда мамандықпен қатар, білім алып, дамитын және кәсіби жолдың алғашқы қадамдарын жасайтын ортаның да маңызы зор.

Көрмеге қатысқан білім беру ұйымдарының географиясы оның халықаралық деңгейін айқындады. Олардың қатарында академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті, МГИМО-ның Қазақстан филиалы, Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, «Жоғары экономика мектебі» ұлттық зерттеу университеті, Сібір федералдық университеті, Томск политехникалық университеті, Орал федералдық университеті және Қазақстан мен Ресейдің басқа да жоғары оқу орындары болды.

Amanzholov University үшін мұндай кездесулерге қатысу – болашақ студенттермен жақынырақ танысуға, университеттің білім беру ортасы мен мүмкіндіктерін таныстыруға, сондай-ақ жастарға мамандықтар мен білім беру бағыттарының сан алуандығын бағдарлауға көмектесетін маңызды алаң.

Ал жастар үшін мұндай көрмелер болашақ мамандыққа деген қызығушылықты нақты білім беру бағытымен ұштастырып, жеке кәсіби жолын айқындауға мүмкіндік береді.