24 қараша 2026


ИТАЛИЯДАҒЫ БІЛІМ АЛУ ТӘЖІРИБЕСІ: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУДІҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ

Студенттік жылдар – тек кәсіби білім алатын кезең ғана емес, сонымен қатар жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, тың жаңалықтармен танысып, тұлғалық тұрғыдан дамуға мүмкіндік беретін ерекше уақыт. Amanzholov University студенті Аман Бақытқызы үшін осындай маңызды кезеңнің бірі Италиядағы академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысу болды. Қазіргі уақытта ол мемлекеттік грант бағдарламасы аясында Генуя университетінде бір семестр бойы білім алып жатыр.

Шетелдік жоғары оқу орнында білім алу студентке еуропалық білім беру жүйесінің ерекшеліктерімен танысып қана қоймай, халықаралық академиялық ортада өз бетінше өмір сүру мен тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берді. Аманның айтуынша, Италияның жоғары білім беру жүйесі оқыту сапасының жоғарылығымен, тәжірибеге бағдарлануымен және оқу үдерісін ұйымдастырудағы заманауи тәсілдерімен ерекшеленеді.

«Мұндағы сабақтар тек презентация көрсетумен шектелмейді. Практикалық тапсырмалар мен шағын топтардағы талқылаулар әр студентке оқу үдерісіне белсенді қатысып, өз ойын еркін жеткізуге мүмкіндік береді», – дейді студент.

Оқу үдерісінде аналитикалық және сыни ойлауды дамытуға ерекше мән беріледі. Студенттерге оқу материалдарын жай ғана жаттап алу емес, ақпаратты өз бетінше талдау, түрлі мәселелерді талқылау және өз көзқарасын дәлелдеу міндеттері ұсынылады. Оқу материалдары мен қосымша дереккөздер арнайы онлайн платформада орналастырылған. Бұл білім алуды қолайлы әрі қолжетімді етеді. Сонымен қатар оқытушылар студенттермен ашық диалог орнатып, қажетті қолдау көрсетуге дайын. Емтихан тапсыру күндерін өз бетінше таңдау мүмкіндігі де оқу жүктемесін тиімді жоспарлап, уақытты дұрыс бөлуге көмектеседі.

Академиялық жетістіктермен қатар, халықаралық тәжірибенің маңызды бөлігі – түрлі елдер мен мәдениеттердің өкілдерімен танысу. Шетелдік студенттермен қарым-қатынас жасау Аманның дүниетанымын кеңейтіп, тәжірибе алмасуына және қалыптасқан көзқарастарына жаңаша қарауына ықпал етті. Бос уақытында ол Италияның қалалары мен көрікті жерлерін аралап, елдің мәдениетімен танысады. Әсіресе Италия стадиондарында өткен әлемдік деңгейдегі футбол матчтарын тамашалау студенттің ерекше әсерлерінің біріне айналған.

Аман Бақытқызы осындай халықаралық білім алу мүмкіндігін ұсынғаны үшін туған университетіне және мемлекеттік академиялық ұтқырлық бағдарламасына алғысын білдіреді.

Италиядағы бір семестр студент үшін кәсіби және тұлғалық дамудың маңызды кезеңіне айналды. Бұл тәжірибе оған жаңа білім мен практикалық дағдыларды меңгеруге, ұмытылмас әсерлер жинақтап, болашақта да маңызы зор болатын жаңа таныстықтар орнатуға мүмкіндік берді.