24 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY: ВЕНГРИЯЛЫҚ ПРОФЕССОР СТУДЕНТТЕРДІ XV–XVI ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ОСМАН-ТҮРІК ҚОЛЖАЗБАЛАРЫМЕН ТАНЫСТЫРУДА

Қазіргі уақытта Amanzholov University-де Венгрияның Сегед университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Шандор Папп академиялық сапармен жүр. Шетелдік ғалым бір ай бойы студенттерге дәріс оқып, оларды тарихи зерттеулердің өзекті бағыттарымен және түркі мұрасын зерттеудің ерекшеліктерімен таныстыруда.

Осындай кездесулердің бірі бүгін өтіп, «XV–XVI ғасырлардағы осман түріктері қолжазбаларының тілі» тақырыбына арналды. Дәріс барысында профессор тарихи қолжазба деректердің тілдік ерекшеліктеріне тоқталып, студенттерге осман дәуіріндегі жазба мұраны зерттеудің ғылыми тұжырымдары мен тәсілдерін таныстырды.

Қолжазбаларды зерттеудің тарихи ғылым үшін маңызы зор. Өйткені олар өткен дәуірлердегі тілдік, мәдени және тарихи үдерістерді тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Жазба деректерге жүгіну түркі тілдерінің даму тарихын зерделеуге және ортақ тарихи-мәдени мұраны сақтауға да жол ашады.

Сонымен қатар ғылыми-зерттеу жұмысы аясында профессор Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейіне барып, Қазақстандағы түркі халықтарының тарихына қатысты материалдармен танысты.

Профессор Шандор Папптың бір айлық академиялық сапары халықаралық ғылыми байланыстарды кеңейтуге, студенттердің шетелдік зерттеу тәжірибесімен танысуына және Amanzholov University мен Сегед университеті арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.