25 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY: ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖДІҢ БІРІНШІ КУРС СТУДЕНТТЕРІ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ПЕН БІРЛІКТІ ҰШТАСТЫРДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Жоғары колледждің «Eagles Empire» командасы дәстүрлі бірінші курс студенттерінің шығармашылық байқауында өнер көрсетті.

Биылғы байқаудың негізгі тақырыбы – «Таза ой – адал азамат – жарқын болашақ». Бұл тақырып адалдық, жауапкершілік және болашаққа саналы көзқарас сияқты маңызды құндылықтарды арқау етті.

«Eagles Empire» атауының астына топтасқан студенттер ортақ шығармашылық идея төңірегінде бірігіп, өз өнерлерін ортаға салды. Батыл бастамалар, тың идеялар мен бірлесе жұмыс істеуге деген ұмтылыс дайындық жұмыстарының басты ерекшелігіне айналды. Байқау студенттер үшін өз қабілеттерін танытып қана қоймай, университеттің жаңа буыны ретінде өздерін көрсетуге мүмкіндік берді.

Байқау тақырыбы қатысушыларға шығармашылық тұрғыдан ой қозғауға бағыт-бағдар берді. Таза ой, адал азамат және жарқын болашақ ұғымдары студенттік кезеңде ерекше мәнге ие. Өйткені дәл осы уақытта жастардың дүниетанымы қалыптасып, өмірлік ұстанымдары мен жеке жауапкершілігі айқындала түседі. Студенттер өз өнері арқылы осы құндылықтарға деген көзқарасын жеткізді.

Мұндай бастамалар бірінші курс студенттерінің аудиториядан тыс қабілеттерін шыңдап, өзара қарым-қатынас орнатуына және ортақ идеяларды жүзеге асыруына жол ашады. Ең бастысы, университет өмірінің тек сабақ пен емтиханнан тұрмайтынын, оның жаңа таныстықтармен, шығармашылық ізденістермен және жарқын әсерлермен де толығатынын көрсетеді.