25 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY: УНИВЕРСИТЕТ САХНАСЫНДА – ТАЛАНТТЫ ЖАСТАРДЫҢ ЖАҢА БУЫНЫ

Студенттік шақ – таланттар танылып, тың идеялар туындап, алғашқы жетістіктерге жол ашылатын кезең. Университет сахнасы – жастардың өз қабілетін танытып, шығармашылығын шыңдап, командалық бірліктің мәнін сезінетін ортасы. Осындай мүмкіндік Amanzholov University-де өткен дәстүрлі бірінші курс студенттерінің шығармашылық байқауында Жоғары бизнес және құқық мектебінің «Эконом Pride» командасына берілді.

Өнер көрсетуге дайындық студенттерді ортақ мақсат төңірегіне біріктірді. Әр қатысушы командалық жұмысқа өз үлесін қосып, тың идеяларын ұсынып, бастамашылдығын танытты. Бұл жастар үшін шығармашылық тәжірибе ғана емес, бір-бірін жақынырақ танып, өзара қарым-қатынас орнатуға және жаңа университеттік ортада өздерін еркін сезінуге мүмкіндік берді.

Биылғы байқаудың негізгі мазмұнын «Таза ой – адал азамат – жарқын болашақ» тақырыбы айқындады. Бұл тақырып жас ұрпақтың болашағын қалыптастыратын адалдық, ой тазалығы, қабылдаған шешіміне жауапкершілікпен қарау және айналасына құрмет көрсету секілді құндылықтарды дәріптейді. Әсіресе тұлғалық қалыптасу кезеңінде, өмірлік ұстанымдар мен болашақ кәсіби бағыт айқындала бастаған шақта бұл қағидалардың маңызы зор.

Байқау аясында қатысушылар берілген тақырыпты шығармашылық тұрғыдан ашып, студенттік өмірдің білім алумен ғана шектелмейтінін, өзін-өзі дамыту мен қабілетті шыңдауға да мол мүмкіндік беретінін көрсетті. Әрбір өнер көрсетілімінің артында бірлескен еңбек, бастамашылдық және өз жоғары мектебінің намысын абыроймен танытуға деген ұмтылыс тұрды.

«Эконом Pride» командасы үшін бұл өнер көрсету университет өміріндегі алғашқы жарқын оқиғалардың бірі болды. Осындай бастамалар бірінші курс студенттерінің жаңа ортаға тез бейімделуіне, пікірлес жандарды табуына және түрлі бағыттағы қабілеттерін ашуына жол ашады. Ең бастысы, әр студентке университеттің үлкен тарихының бүгінгі бір бөлшегі екенін сезіндіреді.