25 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY: «ОҚИТЫН ҰЛТ» – КІТАПҚА ҚҰШТАРЛЫҚ ПЕН БІЛІМГЕ БАСТАР ЖОЛ

Amanzholov University-де Педагогика жоғары мектебінде кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, қазақ және әлем әдебиетінің үздік туындыларын насихаттауға арналған «Оқитын ұлт» әдеби-танымдық іс-шарасы ұйымдастырылды.

«Оқитын адам – ойлайтын адам, оқитын ұлт – қуатты ұлт» ұранымен өткен кездесуге студенттер, оқытушылар, кітапхана қызметкерлері, мектеп мұғалімдері мен оқушылар қатысты.

Іс-шараның басты мақсаты – жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру, оқырмандық сауаттылығын дамыту және болашақ педагогтердің жас ұрпаққа кітап оқу мәдениетін қалыптастырудағы рөлін айқындау.

Кездесу барысында Басқарма мүшесі – тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректор Жанета Қалимолдина мен Педагогика жоғары мектебінің деканы Гульнара Борисовна Куленова қатысушыларға ізгі тілектерін білдірді.

Әдеби кеште қазақ халқының көрнекті ағартушылары Ыбырай Алтынсарин мен Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық мұрасы мен педагогикалық қызметіне ерекше назар аударылды. Студенттер Ыбырай Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық!», «Өнер-білім бар жұрттар» шығармаларын таныстырып, Ахмет Байтұрсынұлының «Әліппе», «Оқу құралы», «Тіл-құрал» еңбектеріне тоқталды. Сондай-ақ «Қырық мысал» жинағынан үзінділер оқылып, Мұхтар Әуезовтің және әлем әдебиеті классиктерінің шығармалары ұсынылды.

Бағдарламаның танымдық бөлігінде «Ағартушы мен шығарманы таны» атты интерактивті ойын ұйымдастырылды. Қатысушылар белгілі жазушылардың шығармаларын, әдеби кейіпкерлерді және танымал туындыларды анықтап, әдеби білімдерін ортаға салды.

Іс-шараның келесі бөлімінде «Бір кітап – бір ұсыныс» атты бейнероликтер байқауының жұмыстары таныстырылды. Қараша айының басынан бері Педагогика жоғары мектебінің студенттері жастарды кітап оқуға ынталандыратын бейнероликтер мен әлеуметтік желілерге арналған жарияланымдар әзірледі. Шығармашылық жұмыстарда кітап оқудың маңызы мен оның адам дүниетанымын кеңейтудегі рөлі көрініс тапты.

Сонымен қатар «Қалай оқырман тәрбиелейміз?» тақырыбында педагогикалық алаң өтті. Қатысушылар топтарға бөлініп, балалар мен жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруға қатысты практикалық жағдаяттарды талқылады. Атап айтқанда, оқушыларды кітап оқуға ынталандыру, көркем шығармаларды толық оқуға қызығушылық қалыптастыру, әртүрлі білім беру қажеттіліктерін ескеру және цифрлық технологияларды тиімді пайдалану жолдары қарастырылды.

«Ашық микрофон: бірге оқимыз» акциясы да қатысушылардың қызығушылығын тудырды. Олар сүйікті өлеңдерін, әдеби шығармалардан үзінділер мен өздері үшін ерекше мағынасы бар нақыл сөздерді оқып, таңдаған туындыларының мән-маңызымен бөлісті.

Іс-шара соңында байқау жеңімпаздары мен белсенді қатысушылар марапатталды. «Үздік кітап ұсынысы» номинациясы бойынша 6B03101 – «Психология» білім беру бағдарламасының 4-курс студенті Васильев Вячеслав Владимирович, «Әдебиет білгірі» номинациясы бойынша 6B01302 – «Бастауыш білім беру (IP)» білім беру бағдарламасының 2-курс студенті Ретқан Меруерт, «Ең белсенді оқырман» номинациясы бойынша 6B01408 – «Дене шынықтыру және спорт (IP)» білім беру бағдарламасының 1-курс студенті Жәнібек Әмина марапатталды. Ал «Үздік бейнеролик» номинациясы 6B03101 – «Психология» білім беру бағдарламасының 2-курс студенттеріне берілді.

Сондай-ақ Рассказова Валерия Ивановна, Сидорова Екатерина Владимировна, Ринатқызы Аружан, Койшибаева Аяжан Алмазовна, Гариполлақызы Еңлік және Керимше Айғаным Нагизханқызы алғыс хаттармен марапатталды.

«Оқитын ұлт» іс-шарасы кітаптың адам өміріндегі маңызын тағы бір мәрте айқындады. Өйткені кітап оқу – тек ақпарат алу емес, ой-өрісті кеңейту, дүниетанымды қалыптастыру және рухани дамудың маңызды жолы. Ал оқырман ұрпақ тәрбиелеу – ең алдымен, кітаптың қадірін білетін, білімді бағалайтын ұстаздың міндеті.