26 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY СТУДЕНТТЕРІ МАЛАЙЗИЯДАҒЫ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ДАЛАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕГЕ ҚАТЫСТЫ

Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Малайзиядағы Сұлтан Идрис атындағы білім беру университетінде (UPSI) білім алып жатқан Amanzholov University студенттері Болат Жасмина Талантқызы мен Тоқтарова Мадина Бауыржанқызы «Program Pemindahan Ilmu: Jejak Setitis Air & Cakna Sungai» («Су тамшысының ізі: өзенге қамқорлық») экологиялық бағдарламасына қатысты.

Іс-шара 2026 жылғы 14 қарашада Танджунг-Малим қаласындағы UPSI кампусының маңындағы Бернам өзенінде өтті. Бағдарламаны UPSI Гуманитарлық ғылымдар факультетінің География және қоршаған орта кафедрасы Куала-Лумпурдағы Ылғалды тропиктер өңірлік орталығымен бірлесіп ұйымдастырды. Іс-шара SULAM бастамасы, PERGEO географиялық қоғамы, GeogMalaysia және Малайзияның ирригация және дренаж департаментінің қолдауымен өткізілді.

Далалық тәжірибе барысында студенттер өзен экожүйесімен танысып, су сынамаларын іріктеуге, су сапасының химиялық және физикалық көрсеткіштерін талдауға қатысты. Сондай-ақ су айдынының экологиялық жағдайын бағалауға мүмкіндік беретін су организмдері мен биоиндикаторларды зерттеді. Бағдарламаның жеке бөлімі өзендерді қорғауға және су ресурстарын жауапкершілікпен пайдалануға арналды.

Бағдарлама университет қауымдастығы мен Кампунг Симпанг Ампат және Кампунг Лубук Салак ауылдарының тұрғындарын біріктірді. Оған қатысу студенттерге теориялық білімдерін далалық жағдайда қолдануға, экологиялық зерттеу әдістерін меңгеруге және халықаралық ортада тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берді.

Жоба туралы Малайзияның Dewan Kosmik басылымы мен UPSI университетінің E-PENA порталында жарияланды. Осындай бағдарламаларға қатысу Amanzholov University студенттерінің кәсіби құзыреттерін дамытуға, ғылыми ой-өрісін кеңейтуге және шетелдік серіктес университеттермен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.