26 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY: «КҮМІС УНИВЕРСИТЕТ 50+» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ БОЙЫНША ОҚЫТУ КУРСЫ БАСТАЛДЫ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Күміс университет 50+» жобасы аясында 25 қарашада «Жасанды интеллект: бастапқы деңгей» атты оқыту курсы басталды.

Курстың негізгі мақсаты – орта және егде жастағы азаматтардың жасанды интеллект туралы базалық білімін қалыптастырып, заманауи цифрлық құралдарды күнделікті өмірде қауіпсіз әрі тиімді пайдалану дағдыларын дамыту.

Оқу бағдарламасы жасанды интеллект мүмкіндіктерімен танысудан бастап, оның практикалық құралдарын меңгеруге дейінгі бірнеше бағытты қамтиды. Атап айтқанда, курс тыңдаушылары:

– жасанды интеллектінің мүмкіндіктері мен шектеулерін өмірлік мысалдар арқылы түсінеді;

– нақты әрі тиімді промпт құрастыруды, алынған жауаптарды кезең-кезеңімен жетілдіру тәсілдерін меңгереді;

– ChatGPT, Gemini және WhatsApp желісіндегі Meta AI құралдарын мәтін жазу, аударма жасау, жоспарлау, ақпарат іздеу және файлдарды талдау мақсатында қолдануды үйренеді;

– сурет, презентация, бейне және дыбыс жасауға арналған жасанды интеллект пен мультимедиа құралдарымен танысады;

– ақпараттың шынайылығын тексеру, жеке деректерді қорғау және жалған контентті ажырату дағдыларын қалыптастырады.

Курсты Жасанды интеллект және цифрландыру департаментінің цифрлық офицері Перизат Ерболатқызы Әнафия жүргізеді.

Оқыту барысында теориялық білім практикалық тапсырмалармен ұштастырылады. Бағдарламада қарастырылған өзіндік жұмыстарды сәтті орындаған тыңдаушыларға арнайы сертификаттар табысталады.

«Күміс университет 50+» жобасы аға буын өкілдерінің білімін жетілдіруге, цифрлық сауаттылығын арттыруға және заманауи технологияларды меңгеруіне мүмкіндік береді.