24 қараша 2026


AMANZHOLOV UNIVERSITY-ДЕ БЛОКЧЕЙН ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ МЕН АҚПАРАТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІККЕ АРНАЛҒАН ПРАКТИКАЛЫҚ САБАҚ ӨТТІ

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде ақпараттық қауіпсіздік пен заманауи цифрлық технологияларды меңгеруге бағытталған «Блокчейн технологиялары және қауіпсіздік: «Мафия» ойыны» тақырыбында практикалық сабақ ұйымдастырылды.

Сабаққа «Ақпараттық жүйелер» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттері қатысты.

Практикалық сабақтың мақсаты – блокчейн технологияларының жұмыс істеу қағидаттары мен ақпараттық қауіпсіздік негіздері туралы білімді бекіту, теориялық түсініктерді тәжірибеде қолдану, сондай-ақ студенттердің сыни және логикалық ойлау, шешім қабылдау, командалық жұмыс дағдыларын дамыту.

Сабақтың ерекшелігі – блокчейн желісінің жұмыс істеу механизмдерін түсіндіру үшін «Мафия» ойынының форматы қолданылды. Ойын барысында транзакция, верификация, консенсус, қауіпсіздік және деректердің тұтастығы сияқты негізгі ұғымдар тәжірибелік тапсырмалар арқылы модельденді.

Қатысушыларға блокчейн желісіндегі түйіндердің қызметін бейнелейтін түрлі рөлдер бөлінді. Атап айтқанда, «мафия» зиянды немесе сенімсіз түйіндерді, «тұрғындар» желінің заңды қатысушыларын, ал «шериф» транзакцияларды тексеретін валидаторды бейнеледі. Осылайша студенттер ақпаратты саралап, күмәнді әрекеттерді анықтап, өз шешімдерін дәлелдеуге және ортақ пікірге келуге машықтанды.

Ойын барысында студенттердің белсенділігіне, ақпаратты сыни тұрғыдан бағалауына және топпен бірлесе жұмыс істеуіне басымдық берілді. Интерактивті формат күрделі технологиялық ұғымдарды тәжірибелік жағдайлар арқылы меңгеруге мүмкіндік жасады.

Сабақ соңында қатысушылар ойын нәтижелерін талқылап, блокчейн технологиялары мен ақпараттық қауіпсіздіктің өзара байланысы жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар деректердің тұтастығын сақтау, транзакцияларды тексеру және консенсус механизмдерінің цифрлық жүйелердегі маңызына тоқталды.

Практикалық сабақ студенттердің кәсіби білімін тереңдетіп, цифрлық ортадағы қауіпсіздік қағидаттарын түсінуіне, аналитикалық ойлау және тәжірибелік дағдыларын жетілдіруіне ықпал етті.